Көп елде құтқарушылар жетіспей жатыр
Күннің ысуы табиғаттағы өзгерістер қауіпті күшейтті. Енді көп жерде құтқарушы жетіспей жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Ернат Мелсұлы, тілші:
- Апаттың айтып келмейтіні бар. Сол себепті құтқарушылардың қызметіне қашанда зәруміз. Қысылтаяң сәтте құтқарушылардың қолын ұзартып, халыққа көмекке келетін еріктілердің де еңбегі ерен.
Қытайдағы тасқын кезінде қарапайым тұрғын нағыз қаһарманға айналды.
Қытай азаматы 50 адамды құтқарды
Қытайдың Хунань провинциясында 2 аптадан бері толассыз жаңбыр жауып, соңы алапат тасқынға ұласты. Құтқарушылар жетіспей, біраз жұрт үйінен шыға алмай қалған. Тіпті кей жерде су деңгейі 3 метрге жетті. Жүзге жуық өзен тасыған. Тұрғындарға көмек ауадай қажет болатын. Осы кезде серфингпен айналысатын спортшы жігіт кішкентай резеңке қайығымен жерлестерін құтқаруға кірісті. 42 жастағы Ю Зуен аз уақытта 50-ден астам адамды қамалған үйінен аман-есен алып шыққан. Ол зардап шеккендерді қайыққа отырғызып, құтқарды. Халық алғысын айтып жатыр.
Ю Чоңгао, зардап шегуші:
- Су басқан үйімнен шыға алмай, 2 күн қамалып қалдық. Не істерімді білмей, қатты қорықтым. Сосын бір кезде бізге Ю Зуен мырза келді. Ол терезені ашып, мені шығарып алды. Мені ғана емес, бүкіл отбасымды құтқарды.
Ю Зуен, Пинцзян уезінің тұрғыны:
- Мен өте жақсы жүзе аламын. Суда өзімді еркін әрі мықты сезінемін. Серфингпен айналысамын. Сондықтан құтқару операциясына атсалысуға толық құқығым бар деп есептеймін. Елге пайдалы болғанға не жетсін!
АҚШ-та мұхит жағасында шомылу қауіпті
Жаңбыр жауып, жай өзен тасығандағы ахуал осындай. Ал алып мұхиттардың асау толқыны жағаға ұрғандағы жағдайды елестетіп көріңіз. Жан-жағын 3 мұхит шайып жатқан АҚШ-тағы жағажайларда жыл сайын жүздеген адам жазатайым суға кетеді. Бір ғана Флорида штатында кеше ғана 6 тұрғын опат болды. Елдегі Құтқару қауымдастығы операцияның 80%-тен астамы мұхиттың жағаға ұратын толқындарымен байланысты дейді.
Дэниел Барникель, құтқарушы:
- Мұхиттан жағаға ұратын толқындармен күресу өте қиын. Суға кете бастаған адам түк істей алмай қалады. Оны құтқару да оңайға соқпайды. Өйткені толқын өте асау. Құтқарушының еркін қимылдауына ерік бермейді. Өкінішке қарай, көптеген адамдар мұхиттағы шомылуға тыйым салынған межеден асып, жағадан алыстап, асау толқындарға тап болады.
Газадағы құтқару қызметі техникасының 40%-і талқандалды
Төтенше жағдайдың түрі көп. Ең ауыры – соғыс. Қазір әлемде құтқару қызметі ең керек ел Газа секторы болып тұр. Израиль әскері құтқару қызметіне тиесілі техниканың 40%-і талқандап тастаған. Мамандар 2 сағатта бітуге тиіс құтқару операциясының кемінде 6 сағатқа созылатынын айтады. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, қазір Газа секторының солтүстігінде бір ғана құтқару мекемесі мен бір ғана өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді.
Мохаммед Әл-Мугейр, құтқару қызметінің басшысы:
- Біз халықаралық заңнама бойынша гуманитарлық бағытта жұмыс істейтін мамандармыз. Біз қару асынған әскер емеспіз. Біздің миссиямыз – адамдарды құтқару, өміріне араша түсу. Бірақ Израиль әскерінің әрекеті барлық мүмкіндігімізді жоқ қылды, адымымызды аштырмай қойды. Бұл жағдайға халықаралық қауымдастық батыл араласуы керек!
Құтқарушылар – табиғи апат, тосын оқиға, тіпті қарулы қақтығыс кезінде бейбіт тұрғындар үшін басын бәйгеге тігетін адамдар. Олар – адам өмірін сақтаушы.