Өзбекстан АЭС құрылысын бастауы мүмкін

Биыл Өзбекстан тарихындағы алғашқы, атом электр станциясының құрылысы басталуы мүмкін.

Жоспар бойынша қуаты 55 МВт болатын 6 реактор, Жызақ облысындағы Тузкан көлінің маңында салынбақ. Жаңа нысандар елдің 2050 жылға қарай, екі есе артатын, электр энергиясы тапшылығын өтеуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта көршіміз тағдыр-шешті таңдау жасап, құрылысты көп ұзатпай бастайтын болып келісті. Сонымен Өзбекстанда салынатын, Атом электр станциясы қандай болмақ және қашан пайдалануға беріледі?

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Өзбекстан кейінгі бірнеше жылдан бері өз тарихындағы алғашқы атом электр станциясын салуға білек сыбана кірісіп жатыр. Алғашында оның қайда орналасатыны сала мамандарын әбден толғандырғаны рас. Ақыры түпкілікті шешім қабылданған сыңайлы. Енді өзбек жерінде де өндірілетін уран тек сыртқы нарыққа саудаланбайды. Бұл оның бір бөлігі елдің игілігіне бағытталып, кәдеге жарайды деген сөз. Жызақ облысы - Қазақстанмен шекаралас жатқан өңір. 1 жарым миллионға жуық халық қоныстанған. Аймақта Арнасай көлдер жүйесіне кіретін Тузкан атты су айдыны бар. Сол жерге Өзбекстанның алғашқы атом электр станциясы салынады. Қуаттылығы аз 6 реактор іске қосылады деп жоспарланып отыр. Ресейлік компания құрылыстың бас мердігері ретінде таңдалған. Одан бөлек жобаға өзбекстандық компаниялар да тартылмақ.

Бахтиёр Эргашев, "Ma'no" зерттеу бастамалары орталығының директоры:

- Атом электр станциясының Орталық Азия елдері үшін ұтымды тұстары көп. Сондықтан түрлі қуаттағы АЭС-терді салу энергия өндіруді әртараптандыруға бағытталған. Тек белгілі бір шикізат көздеріне тәуелді болып отыру орынсыз. Бұған дейін Өзбекстан қуаты 2,4 млрд МВт болатын үлкен АЭС салуды жоспарлаған. Дегенмен қазір сол белгіленген орында аз қуатты атом электр станциясының құрылысын бастау жөнінде шешім қабылданды.ТКС: Өзбекстанда салынатын аз қуатты АЭС-тің реакторлары «РИТМ-200Н» деп аталады. Олардың әрқайсысы өндіретін электр энергиясы 55 МВт-қа тең. Ал қызмет ету мерзімі 60 жыл деп белгіленген. Бұған дейін Арктиканың қатал климаттық жағдайында жүк тасымалымен айналысатын кемелерге орнатылып, сынақтан өткен. Якутияда осы технология негізінде жаңа станция салынып жатыр. Енді бұл тізімге көршіміз де қосылады. Өзбекстандық сарапшылардың пайымынша, нысанның қауіпсіздігі көп деңгейлі механизмдер мен арнайы қорғаныш қабатының көмегімен қамтамасыз етіледі.

Равшан Назаров, Өзбекстан Ғылым академиясы мемлекет және құқық институтының аға ғылыми қызметкері:

- Кез келген даму энергияны қолдану көлемінің артуымен байланысты екенін түсінуіміз керек. Бұл ретте, оны үздіксіз өндіруге қауқарлы тек АЭС. Бәлкім, болашақта өзге де энергия өндіру көздерінің баламасы пайда болатын шығар, алайда таяу уақыттағы тапшылықты жабудың негізгі шешімі атом энергетикасын дамыту. Аталған бағытта Өзбекстанда ілгерілеу бар. Елімізде 6 реактор салынады. Олардың барлығы бүгінге дейін сынақтан сәтті өтіп, белсенді қолданылып келе жатқан технология.

Дегенмен көршімізде электр энергиясының тапшылығын шешуге бағытталған басқа да бастамалар іске асырылып жатыр. Соның бірі күн панельдерін орнату және жел электр станцияларының санын көбейту. Бұл ретте мамандар жаңартылған энергия көздеріне тән бірнеше кемшілік барын да айтады. Мәселен күн батареялары кешкі уақытта, яғни электр энергиясы ең көп қолданылатын кезде қажеттілікті жаба алмайды. Сондықтан мемлекет қуаттылығы жоғары технологияларды енгізуге көбірек көңіл бөлуге кіріскен.

Рауан Мыңбаев