5000 операция – 1 өлім: пластикалық ота ауру тудыруы мүмкін

Әлемде жыл сайын 11 млн адамға пластикалық операция жасалады.

Оның ішінде кейінгі жылдары эстетикалық түріне сұраныс артқан. Халықаралық эстетикалық қауымдастықтың дерегіне сүйенсек, дене бітіміне көңілі толмайтындардың көбі Оңтүстік Корея, Бразилия, АҚШ және Мексикада кездеседі.

Иә, қазірде бьюти-индустирия көз ілестірмес қарқынмен дамып кетті. Дегенмен оның зиянды тұстары да жетерлік. Сұлулық әлемді құтқара ма? Әлем сұлулықтың құрбаны ма? Артық қыламын деп дене бітіміне тыртық қалдырғандар көп.

Кореяда пластикалық операцияға сұраныс көп

Пластикалық отаның отаны Оңтүсік Кореяда мінсіз мүсін үшін адам сенгісіз әрекетке баратын арулар көп. Бұл елдің әр бесінші тұрғыны медицинаға, ернім кішкентай, көзім қисық, мұрным үлкен деп шағымданады. Тұтынушылардың пікірі бойынша арнайы зерттеу жүргізетін корейлік агенттіктің ақпаратына сүйенсек, қыз-келіншектердің 70%-і дене бітімін жақсарту үшін, 14,5%-і жайлы қызметке орналасуы үшін, 67,8%-і көзін үлкейту үшін тәуекелге баратын көрінеді. Өкініштісі, қыз-келіншіктердің 32,3%-і операциядан кейінгі түріне көңілі толмаған. Бірақ тұтынушылардың талабын елеп жатқан ел жоқ. Бар жігерін бьюти-индустрияны дамытуға жұмсап жатыр. Өйткені бұл саладан түсетін табыс қомақты.

Таяуда ғана Оңтүстік Корея тұтынушыға косметиканы таңдап беретін робот жасап шығарды. Тың технология адамның бет әлпетін талдап, қандай косметика алуды және оларды қалай дұрыс пайдалану жөнінен кеңес береді. Сарапшылар: «сұлулық және косметика индустриясында жасанды интеллектіні пайдалану табысты екі есеге арттыруға мүмкіндік береді», – деп отыр. Егер былтыр оны қолданудан сала кірісі 3,27 миллиард долларға өссе, 2028 жылға қарай ол 8,1 миллиард долларға жетуі мүмкін деген болжам бар.

Квон Ю-джин, жергілікті тұрғын:

- Әр адамның терісі, бет пішіні өзгеше болады ғой. Бірақ әдетте адамдар ең көп таралған түсті сатып алуға бейім келеді. Сол себепті кей кездері ол адамның бетіне сәйкес келмей, тіпті кейде аллергия тудырады. Сондықтан мына ақылды машина өте тиімді құрал дер едім.  

Ян Ён Сук, Электроника және телебайланыс ғылыми орталығының ғылыми қызметкері:

- Егер бұл әдіс екі айда бір рет жаңа косметикалық өнім шығаруға мүмкіндік берсе, мұны әрі қарай дамытып жетілдіре түсу керек деп ойлаймын. Ол тиімділікті арттырып, өнім көлемін ұлғайтуға септігін тигізер еді.

 

Пластикалық операция ауру тудыруы мүмкін

5000 операция – 1 өлім. Пластикалық ота қауіпті деуге негіз бар. Сорақысы, сұлу боламын деп жан тәсілім еткендер көп. Көптеген ауру осы ота кесірінен асқынатынын ешкім ескермейді.  Мәселен, невроз, ішкі қабынулар, инфекция, көздің көру қабілеті, басқа да психологиялық және физикалық дертке душар болуыңыз ғажап емес.

«Сапасыз отадан кейін бастапқы қалыпқа келу екіталай», – дейді сала мамандары. Оның үстіне дау-дамай тумас үшін операция алдында пациент пен хирург арасында екіжақты келісімшарт құрылады. Келісімшарттың талаптарымен келіспегендерге операция жасалмайды. Жалпы әлем бойынша мұндай 5000 операцияның біреуі адам өлімімен аяқталатын көрінеді. Яғни, жасанды сұлулықтың құны өмірмен тең деген сөз.

Пайдасынан зиына көп дерсіз. Дегенмен көптің көкейіндегі өз-өзіне көңіл толмаушылықтан қазірде косметикалық өнімге сұраныс көп. Бастысы – сапа.