Кореяда жылына 650 мың пластикалық операция жасалады
Оңтүстік Корея әлемдік рейтингте пластикалық хирургтар саны бойынша 5 елдің қатарына кіреді.
Елде жыл сайын сыртқы келбетін өзгертуге арналған 650 мыңға жуық операция жасалады. Бірақ науқастар мен емханалар арасында даулы оқиғалар болып тұрады. Жыл сайын 100-ден астам шағым түседі.
Бұл – Оңтүстік Кореядағы үздік дерматологиялық клиникалардың бірі. Мұнда тері ауруларын емдейді. Шаш, кірпік ауыстыру операциялары жасалып, қартаюға қарсы түрлі процедура жүргізіледі. Ауруханада медициналық даулар іс жүзінде болған жоқ. Бірақ егер науқас дәрігердің жұмысына көңілі толмаса, туындаған мәселе тексеріліп, дауды келіссөзбен шешуге мән беріледі.
Мин Пок Ки, дерматологиялық клиника директоры:
- Пластикалық операциядан кейін науқас дизайнды ұнатпауы мүмкін. Келоидтық шрамдар немесе гиперпигментация реакциялары пайда болуы ықтимал. Мұндай жағдайда операцияның барысы онымен жан-жақты талқылануы керек. Осыдан кейін ғана қайта ота жасау туралы шешім қабылдануы тиіс. Кездейсоқ тыртық пайда болып жатса, тыңғылықты тексеріледі. Ал оны емдеу лазерлік терапияны қолдану арқылы жүргізіледі.
Кореяның Ұлттық статистикалық басқармасының мәліметі бойынша өткен жылы елде 1137 пластикалық хирургия емханасы жұмыс істеген. 2295 пластикалық хирург болған. 2021 жылдан бері мұндай дәрігерлердің жұмысына пациенттердің шағымдары 5 есе артып, 2023 жылы 100-ден астам даулы жағдай тіркелген. Егер науқас клиниканың қызметіне көңілі толмаса, медициналық арбитраж орталығына немесе заңгерлерге хабарласып, шағымдана алады.
Жақында Оңтүстік Кёнсан провинциясындағы Янсан қаласындағы пластикалық хирургия клиникасында шу тудырған оқиға тіркелді. Онда 50 жастағы медбикенің көмекшісі ота жасаған. Науқастарға өзін дәрігермін деп таныстырған ол 1,5 жыл ішінде 72 адамға операция жасап үлгерген. Жалған маман түрмеге қамалды. Оңтүстік Корея заңы бойынша дәрігердің абайсыздығынан адам қайтыс болса, қылмыскер 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе 14,5 мың долларға дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Ал ең шулы халықаралық жанжал Сеулдің әйгілі Каннам ауданындағы пластикалық хирургия клиникасында тіркелген. Онда 20 жастағы Қытай азаматы липосакция кезінде қайтыс болды. Сот марқұмның туыстарына шамамен 145 мың доллар көлемінде өтемақы төлеу туралы шешім қабылдады. Қайғылы оқиғадан кейін Қытай елшілігі өз азаматтарына Кореяның пластикалық хирургтар қауымдастығының сайтындағы аурухана туралы ақпаратты мұқият тексеріп, даулар туындаған жағдайда Кореяның медициналық арбитраждық қызметіне хабарласуға кеңес берді.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян.