Парижде баспанасы жоқ адамдар бас көтерді
«Әлем Париж Олимпиадасының тек жақсы жағын ғана көріп отыр. Жазғы Ойындардың ел азаматтары мен мигранттар үшін теріс әсері бар», – дейді Франциядағы белсенділер.
Париждің орталығында баспанасыз адамдар наразылық акциясын өткізді. Көбі – әйелдер мен балалар. Олар Олимпиада ойындары басталғаннан кейін мүлде далада қалғанын, жағдайы бұрынғыдан да қиын екенін айтады. Үйсіз жандарға үкіметтің емес ұйымдар араша түсті. Белсенділердің мәлімдеуінше, Парижден 12 500 баспанасыз адамның күшпен шығарылған. Бұл 2 жыл бұрынғы көрсеткіштен 40% жоғары.
Бинтон Дембеле, үйі жоқ тұрғын:
- Мүлде тұратын жеріміз жоқ. Үй жалдай алмайсыз. Көк тиынымыз жоқ.
Ианн Манзи, үкіметтік емес ұйым өкілі:
- Бұл адамдар Олимпиада басталғанға дейін әлеуметтік жатақханаларда тұрып келген. Оларға тіпті Париж аумағынан тез арада шығып, басқа аймақтарға кетуге нұсқау берілген. Үйсіз жүрген отбасылардың арасында балалар көп, ең кішісі – 3 апталық сәби.
Бұдан бөлек, Парижде түнеп шығатын орындар мен тегін тамақ үлестіретін орталықтар да жабылды. Билік үйі жоқ адамдарды қууға былтырдан қамданған. Бір жыл бұрын оларға айыппұл салу, тіпті қамауға алу туралы заң шықты.
Поль Алази, үкіметтік емес ұйым өкілі:
- Негізі осы Олимпиада ойындары кезінде біз адам құқығына құрметпен қараудың жақсы үлгісін көрсетуіміз керек еді. Осы тамаша тарихи мүмкіндікті жіберіп алып отырмыз.
Билік: «үйсіз адамдарды Олимпиада аяқталған соң жарылқаймыз», – дейді. Олимпиадаға қатысушы спортшыларға арналған төсек-жабдық үйі жоқ адамдарға берілмек.
Авторы: Ернат Мелсұлы.