Германиядағы немістер қазақ мәдениетін дәріптеді
«Мен үшін Қазақстан бәрінен ыстық!». Қазақстаннан көшіп барған немістер туған жеріне дұғай-дұғай сәлем жолдады, деп хабарлайды 24kz.
Ұлттық тағамдар, қазақтың ән-биі, ою-өрнекті шапан-камзолы Алманияда өткен аймақтық мерекеде жұрт назарына ұсынылды. Іс-шараға барып қайтқан меншікті тілшіміз Ердана Ержанұлы баяндайды.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Германияның орталығындағы мына бір алақандай ауылда дайындалған қуырдақтың иісі осы жерге дейін жетеді. «Қазақша ет асылады» дегенде біз бір таңғалдық. «Бірақ сол дастарқанды жаятын тек немістер» дегенде бармасқа болмайтынын тағы түсіндік. Бұл – Баден-Вюртемберг жеріндегі Залах ауылы.
Осы елді мекен қарайтын Гёпинген ауданында «Көше мерекесі» тойланады. Өңірдегі барлық белсенді қауымдастықтар қолында бардың ең жақсысын орталық көшеге алып шығады. Біздің көзіміз бірден қазақстаннан барған немістердің шатырына түсті.
Светлана Сальникова, Солтүстік Қазақстан облысының тумасы:
- Мен үшін бауырсақтан оңай тағам жоқ. Ұн, сүт, тұз, ашытқы, қант қосамыз. Туған жерімізге деген сағынышты да қосамыз. Солтүстік Қазақстандағы Новоникольск ауылында туғам. Көшіп келгенімізге біраз болса да, ет, бауырсақ дастарқаннан үзілмейді.
Cергей Люфт, Павлодар облысының тумасы:
- Біз міне, қазақша ет асып, осында әкеліп, жаймасымен қонақтарға ұсынып жатырмыз. Бір сағаттың ішінде 50 тәрелкедей тараттым. Мына жақта баршамыз сүйіп жейтін кәуап та бар.
Фарид Насыбулин, Жамбыл облысының тумасы:
- Мына палауды істедім. 8 келі ет, 8 келі күріш, 5 келі пияз, 8 келі сәбіз қостым. Мен өзім Жамбылданмын. Жамбыл десе көңілім босайды.
Көңілі босағандар қатарында ұлттық киімімізді киіп көріп жатқан отандастарымыз да болды. Олардың көбі осы жаққа қазақша дастарқан жайылады деп арнайы келген.
Лидия Шерле, Ақмола облысының тумасы:
- Мен үшін Қазақстаннан жақын, Қазақстаннан ыстық Отан жоқ. Қазақ халқы кезінде бізді паналатып, қабылдап, бір үзім нанын бөліп берді. Тату-тәтті өмір сүргеніміз үшін алғыс айтамын. Қазақстанда аяқтанып, үлкен өмірге қадам бастық.
Валихан Анхальт, Алматы қаласының тумасы:
- Бұл жыл сайын өтетін мереке. Биыл да дәстүрден жаңылмай қазақстандық немістер қазақ мәдениетін барынша дәріптеп жатыр. Осында «Қазан» деген белсенді ұйымымыз бар. Қазақша ән қойып, бірнеше шатыр тігіп, кең даламызды еске алып, барынша ауқымды етіп ұйымдастырыпты.
Дәм ауыз тигендердің қатарында Германия азаматтары мен туристер де көп болды. Дені бірнеше тәрелкеден тапсырыс беріп жатты.
Блиц:
- Тамақ расымен дәмді болды. Ет пен кәуапті қатты ұнаттым. Екінші тәрелкесін жеп отырмын. Біраздан соң үшінші тәрелкеге барамын.
Кеңпейіл, Отанға деген ортақ сағыныш, атамекеннің дәмін қайта татқандағы қуаныш осы жақтағы жерлестерімізге қазақтың тойын еске салатындай. Бақыт құшағында олар бізді де биге тартып әкетті.
Ердана Ержанұлы:
- Күн ұясына батам десе де, осы бір тойдың аяқталатын түрі жоқ сияқты. Үш ұйықтасам да, Германияда «Шудың бойында» әніне билеп жүру түсіме кірмес еді. Той тойға ұлассын!
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Павел Рубан