Батумиде стрит-арт жобасы қолға алынды

Батумиде ерекше арт-жоба бастау алды, деп хабарлайды 24kz.

Үйлердің қасбетінде теңіз әлеміне арналған туындылар көрініс табады. Стрит-арт шеберлерінің бұл тақырыпты таңдауы да бекер емес.

Батумиде бір топ суретші қағазды қойып, қабырғаны сөйлетпек. Арт-жобаның негізгі тақырыбы ретінде стрит-арт шеберлері суасты әлемін таңдап алған. Себебі туристік қаланың тарихы теңізбен тікелей байланысты. Шаһар ғасырлар бойы стратегиялық маңызы бар порт болған.

Иосеб Джорбенадзе, «стрит-арт» жобасының жетекшісі:

- Батумиде көше суреті өнері дамып келеді. Биылғы жыл - соның дәлелі. Стрит-арттың арқасында қаламыз түрленіп жатыр. Мысалы, менің артымда тұрған туынды Батумидің болмысын дәл сипаттайды. Оны салар кезде Қара теңіздегі тіршілік иелерін негіз ретінде алдым. Сол арқылы қаламыздың тарихын бейнелеуге тырыстым.

Арт-жобаны жүзеге асыруға суретшілер, дизайнерлер, фотографтар мен арт-продюсерлерден құралған үлкен шығармашылық топ атсалысқан.

Екатерина Турманидзе, дизайнер:

- Тәжірибелі суретшілермен бірге еңбек ету өте қызық. Жұмыс барысында күтпеген идеялар мен ойлар пайда болады. Басында бізде түрлі нобайлар болды. Кейін кәсіби мамандармен кеңесіп, оларды біршама өзгерттік. Себебі негізгі идеямыз граффитиді суасты әлемімен байланыстыру еді. Сол үшін теңіз әлемінің бар сиқырын бір жерге жинақтап, Батумиді барынша безендіріп ерекшелендіруге тырыстық.

Теңіз стиліндегі арт-жоба Аджарияның туризм департаменті қолдауымен құрылды. Соның арқасында шеберлер жалпы аумағы шамамен 400 шаршы метр болатын үйлердің қасбетіне сурет салады. Бұл жұмыс тамыз айының соңына дейін аяқталуы тиіс. 

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили