Газада жұқпалы аурулардың таралуы көбейді
Қарулы қақтығыс басталғалы Газа секторында 65 мың адамнан қышыма ауруы анықталды, деп хабарлайды 24KZ.
Денесі бөртіп, медициналық көмекке жүгінген тұрғындардың саны күн сайын артып барады. Тағы бір миллионнан аса кісі респираторлық ауруларға шалдыққан. Бұл – ресми дерек. Сарапшылар болса: «Науқастар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін», – дейді.
Газа секторында балалар арасында тері аурулары тез тарап жатыр. Оған себеп жетерлік. Босқындарға арналған уақытша орталықтарда адам көп болғасын, санитарлық талаптар сақталмайды. Әсіресе таза су тапшылығынан адамдар жуына алмай түрлі індет тез тарайтын болған. Бұған қоса күн ыстықтан шаңға аллергиясы бар адамдардың ауруы қозып, жағдайды одан бетер шиеленістіріп жіберген. Қазір Газа секторының солтүстігінде бір ғана аурухана жұмыс істеп тұр. Ондағы қызметкерлер науқастарды қабылдап үлгермей жатқанын айтады.
Нассим Басала, дерматолог:
- Күнделікті дерматология бөліміне 300-500 адам түсіп жатыр. Ары қарай өздеріңіз ойлай беріңіздер. Адам көп. Жуынатын су жоқ. Содан тері аурулары өршіп тұр. Олар жұқпалы екенін ұмытпау керек. Ол аздай, емдейтін дәрі-дәрмек те тапшы. Мұның бәрі жағдайды қиындатып отыр.
Жақында жергілікті денсаулық сақтау министрлігі Газа секторында полиомиелит эпидемиясын туралы жариялады. Өйткені ағын сулардан вирус табылған. Жергілікті дәрігерлер бұл осы аймақ қана емес, жақын мемлекеттерге де қауіпті болуы мүмкін екенін ескертеді. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әзірге бірде-бір дерек расталмағанын айтады. Десе де қауіп жоғары екенін жасырмайды. Сондықтан Газаға полиомиелитке қарсы бір миллионнан аса вакцина жіберді.
Ахмед Әл-Фарра, педиатр:
- Бұл – өте қауіпті жағдай. Біздің денсаулық сақтау министрлігіміз бен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакциналау бойынша бірлесе жұмыс істеп жатыр. Бірақ үлкен бір қиындық бар. Екпені тоңазытқышта белгілі бір температурада сақтау керек. Ал қақтығыстан электр энергиясы жиі өшетіндіктен, препараттар бүлінуі мүмкін.
Бұл аздай, қазір Газада А гепатиті тез тарап жатыр. Күнделікті 800 жаңа оқиға жайлы белгілі болады. Қарулы қақтығысқа дейін 85 дерек тіркелсе, қазір көрсеткіш 40 мыңға жуықтаған. Атыс-шабыс жағдайында олардың жөнді ем алуы мүмкін емес. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен қазір солардың бір бөлігі басқа елдерде эвакуацияланып жатыр.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.