Вермонт штатында алапат тасқын жүрді
Қытайдың Хунань қаласында тасқыннан кейін шаһарды қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғасты.
Мамандар апат кезінде бүлінген ғимараттарды лай-балшықтан тазалап, дезинфекциялап жатыр. Тасыған су деңгейі 4-5 метрге дейін көтеріліп, тұрғын үйлердің 1-ші қабатын су алған. Табиғат апатынан 1 млн-нан астам адам зардап шекті. 30-дан аса адам опат болып, тағы ондаған кісі із-түзсіз кеткен. Билік аймаққа келген шығынды 6 млрд юаньға бағалап отыр.
Се Цзяньпин, Хунань төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушысы:
- Кей жерлерде жолдар әлі жабық. Жапа шеккен аймақтарға жету мүмкін емес. Онда жөндеу жұмыстары жүріп жатқанымен, лай көшкіні қаупі бар. Бұл жолды ашуды қиындата түсті. Сондықтан жоғалған кісілерді тікұшақ арқылы іздестіруге мәжбүрміз.
АҚШ-тың Вермонт штатында кейінгі бірнеше аптада алапат тасқын жүріп, шығын 6 млн долларға жетті. Табиғи апаттан шаһар инфрақұрылымы қатты зардап шекті. Ауызсу, кәріз желісі істен шығып, көпір, көлік жолы бүлінген. Қазір апат салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Аймақты қалпына келтіру үшін штат билігі федералды үкіметтен қолдау сұрап отыр.