Бішкекте жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр

Бішкекте жылыту маусымына қызу дайындық жүріп жатыр.

Қырғызстан премьер-министрі қаланы жылумен қамтамасыз ету жүйелерін жөндеу, жетілдіру және тиімділігін арттыру жөнінде тапсырма берді. Ал Еуроодақ елдері алдағы маусымға еш алаңдамайтынын айтады. Өйткені қоймалардағы газ мөлшері жеткілікті көрінеді. 

Қазір Бішкектегі жылу электр станциясының екі блогында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Өйткені олардың іске қосылғанына 7 жыл болған. Сол уақыттан бері бірде-бір рет жөндеу жүргізілмепті. Салдарынан қуаты 200 МВт-қа дейін төмендеп кеткен. Енді іс-шаралар аяқталғаннан кейін көрсеткіш 300 МВт-қа дейін артады деп күтілуде. 

Биыл ақпанда осы станцияда жарылыс болып, 60 мың пәтер жылу мен ыстық судан қағылған еді. Билік енді апатты болдырмас үшін алдағы маусымға дайындықты тездетуді тапсырды. 

Еуроодақтың газ қоймалары 58% толы 

Еуроодақ өкілдері алдағы жылыту маусымына еш алаңсыз дайындалатынын айтады. Өйткені өткен жылыту маусымын газдың рекордтық мөлшерімен аяқтаған. Сәуірде көгілдір отын қоймалары 58 пайызға толы болыпты. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай. Сарапшылар бұл энергия көздерін жеткізуді әртараптандыру бойынша жүргізілген тиімді саясаттың нәтижесі екенін айтады. Соның арқасында алдағы маусымда газ бағасының күрт өсуі болмайды дейді. 

Еуропада жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артты

Жалпы кейінгі кезде Еуропа елдері газбен жұмыс істейтін жылу электр станцияларын мейлінше күн және жел энергиясымен алмастыруға тырысып жатыр. Былтыр жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 45 пайызға дейін артқан. Бұл рекордтық көрсеткіш. Осы ретте Ұлыбританияда сутегімен жұмыс істейтін жылу электр станциясы салынғалы жатыр. Бұл Еуропадағы алғашқы осындай нысан болмақ. Құрылыс жұмыстары 2027-жылы аяқталады деп күтілуде. Сонда атмосфераға бөлінетін көмір қышқыл газы жылына 740 мың тоннаға азаймақ. 

Жұлдыз Атагельдиева