Олимпиада бойтұмарына сұраныс көп

Париж Олимпиадасының бойтұмарына айналған фриджи қалпағы ойыншықтарының сатылымы 1 млн данаға жетуі мүмкін.

Ұйымдастырушылардың болжамы осындай. XXXIII Жазғы ойындардың ресми дүкеніне тілшіміз де барып, қандай дүниелер сұраныста екенін біліп қайтты.

Олимпиада алауы, кішкентай фриджилер, үлкен фриджилер – мұның барлығы дәл осы Олимпиаданың ресми кәдесыйлар дүкенінде сатылады. Бұдан басқа, бұл жерде неше түрлі киім-кешек пен сыйлықтардың, кілтке тағатын бұйымдардың барлығы да бар. Бір қызығы, мына мен ұстап тұрған фриджилер – Олимпиадаға бойтұмар болған алғашқы жансыз заттар. «Жансызға жан бітірген» француздар тағы не сатып жатыр? Адамдар нені сатып алып жатыр?

Ресми дүкен болған соң тауардың сапасына сенім артып келгендер көп-ақ. Күніне 15 мыңға жуық кісіні қабылдайды. Жүздеген метрге созылған кезек те, ұзармаса қысқармай тұр. Кәдесыйды қанжығалағысы келгендерді сөзге тарттық.

Сауалнама:

- Олимпиада белгісі бар жейде алуға келдім.

- Мен бұл жерден Олимпиаданың төл төсбелгілерін алғым келеді. Ол үшін осы кезекте кешке дейін тұруға бармын.

- Олимпиадаға қатысты естелікке кәдесыйлар алғым келеді. Өзім Америкаданмын. Спортшыларымызды қолдау үшін әрі үйдегі жақындарыма тосын сый жасау үшін кіріп бара жатырмын.

Дүкен сөрелерінде мыңға жуық тауардың түрі бар. 5 евролық блокноттардан бастап, 800 евролық алып фриджилерге дейін сұраныста. Әсіресе Олимпиада жүлдегерлері сыйға алып жатқан ресми постерлер тез таусылып жатыр. Сатушылар қоймадан әкелгенше, қонақтар «талап әкетеді екен».

Сауалнама:

- Міне, мен 236 евроға сауда жасадым. Жартысын сыйлық етіп таратамын. Қалғанын достарымның өтінішімен алдым.

- Достарыма арнап бас киім алдым. Жиендеріме арнап ойын карталарын алдым. Мына дүние де сол жиендерімнің еншісіне.

- Осы бас киімді іздемеген жерім жоқ. Ең арзаны да осы дүкенде екен. Әйелім екеуміз 3 күн аралап, бүгін қол жеткізіп отырмыз.

Дүкенге шетелдік туристермен қатар жерлікті азаматтар пайдасын тигізіп жатыр. «Олимпиада ойындары аяқталуға жақын қалғанымен, сатылым әлі тоқтамайды», – дейді ұйымдастырушылар. Себебі дәл осы образдар 2 аптадан кейін өтетін Паралимпиада ойындарында да қолданылады. Бұл тағы 12 күн бойы сөрелерден түспейді деген сөз.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Руслан Өміржан.