АҚШ тұрғындарының банкке берешегі $17,3 трлн-ға жетті

Әлемде несие рәсімдеп, қарызға күн көріп жүргендер қатары көбейді, деп хабарлайды 24kz.

Бұған көп елдегі экономикалық дағдарыс, баспана қымбатшылығы, жалақының аздығы сияқты әлеуметтік факторлар себеп. Әсіресе Америкада несие картасына шот ашып, қарыз алушылар тым көп. Олардың бір жылдағы берешегі 17 трлн доллардан асып түсті. Ал Ұлыбритания күн сайын қарызын төлей алмайтын 250-дей адамды банкрот деп таниды.

Тұрғындардың несие бойынша берешегі өте көп ел – АҚШ. Америкалықтардың мемлекетке қарызы 17,3 трлн АҚШ долларына жетті. Ел тұрғындарының көбі несие картасы бойынша қарызға белшесінен батқан. Былтыр 24 миллион америкалық шот ашып, олардың берешегі 1,14 трлн АҚШ долларына жетті. Әсіресе Колумбия округі тұрғындарының қарызы көп. Мұндағы әрбір екінші адамның несие картасы бар. Сарапшылардың айтуынша, халықтың қарызға батуына жалақының аздығы мен қымбатшылық себеп.

 

Ұлыбританияда тәулігіне 249 адам банкрот деп танылады

Ұлыбританияда 6,7 миллион тұрғын қаржылық дағдарысқа тап болған. Олардың 30%-і 18 бен 24 жас аралығындағы жастар. Әр қарыз алушының ипотекалық несиесін қоса алғанда берешегі 65 мың еуроны құрайды. Бұл орташа табыстың 99,9%-іне тең. Яғни мұнда күніне 249 адам банкрот деп танылады немесе төлем қабілеттілігі төмен адамдар санатына жатады.

 

Миллиондаған қытайлық мемлекетке қарыз

Қытайда миллиондаған тұрғынның бас-басында несиесі бар. Халық арасында қарыз алушылар қатары неғұрлым артқан сайын банк қызметтеріне сұраныс соғұрлым өсіп отыр. Мәселен, жылдың алғашқы жартысында қытайлықтар рәсімдеген несие көлемі 13 трлн юаньға жуықтайды. Ал былтыр Қытай банктері жергілікті халыққа 23 трлн юань көлемінде қарыз берген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,8% көп. ХВҚ-ның 2021 жылғы есебіне сәйкес, Қытайдағы отбасылардың мемлекетке берешегі жалпы ішкі өнімнің 62,2% көлеміндей болады.

 

Мысырлықтар мүлікті қарызға алады

Өзге дамушы ел сияқты Египетте де қарыз алу қарқынды дамыған. Тұрғындардың берешегі биыл маусымда 21,5 млрд АҚШ долларына жетті. Былтыр желтоқсанда олардың қарызы елдегі ЖІӨ-нің 7,8% құрады. Мысыр халқы әсіресе тұрмысқа қажетті тауар, жылжымайтын мүлік, автомобиль сатып алу үшін несиеге жиі жүгінеді. Тұрғын үймен қамтамасыз ету, шағын және орта кәсіпті қолдау бойынша мемлекеттік бағдарлама қолданысқа еніп, несиелендіру жүйесі жолға қойылған.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева