Қазақстанда Euronews Орталық Азия хабы ашылады
Астанада Euronews Орталық Азия хабы ашылады.
Осыған байланысты тиісті келісімшартқа Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Дэвид Брюссельде қол қойды.
Жанат Эрнст, тілші:
- Астанада Euronews телеарнасының Орталық Азиядағы өкілдігінің ашылуы Қазақстанды әлемге танытуда маңызы зор. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастаған қазақстандық делегацияның Брюссельде Euronews басшылығымен өткен кездесуінде тараптар осыған ерекше тоқталды.
Қазақстан бүгінде Орталық Азия аймағында шешуші рөл атқарып жүрген мемлекет. Осылайша ел өмірінің барлық саласында ауқымды өзгерістерді жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі хабарлады.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Қазақстан ұлы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері ғана емес, ең бай мәдени және тарихи мұрасы, тамаша табиғаты, танымал адамдары бар мемлекет. Қазақстан бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың озық идеялары негізінде бұрын-соңды болмаған өзгерістерімен қалыптасқан заманауи әлемнің бір бөлігі. Қазақстан өркениетті әлеммен өзінің қайталанбас рухани-мәдени мұрасы және әлеуметтік-экономикалық әлеуетін бөлісуге ғана емес, бейбітшілік үшін жан жүрегін беруге дайын мемлекет. Сондықтан мен Euronews командасының Қазақстан туралы бүкіл әлемге еліміздің жүрегі - әсем Астанадан хабар тарататынына өте қуаныштымын!
Жақын арада Euronews Қазақстанға қатысты бірқатар тележобаларды көгілдір экранға шығаруды көздеп отыр. Оның ішінде қазақ халқының өнері, мәдениеті мен өмір салтын баяндайтын «Modern nomads» телешоуы, елдегі іскерлік және экономикалық оқиғаларды қамтитын «Шығыс пен Батыстың байланысы» бағдарламасы бар. Сонымен бірге “Орталық Азиядан шыққан дауыстар” жобасында еліміздің белгілі қайраткерлерінің сұхбаттары шығып, өңірдегі ірі іс-шараларды ақпараттандыратын бірқатар репортаждар Euronews көрермендеріне жол тартпақ. Бұдан бөлек отандық Бұқаралық ақпарат құралдары мен баспасөз қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін оқыту тренингтері мен шеберлік сабақтарын өткізу де жоспарда бар.
Марғұлан Баймұхан, ҚР Бельгиядағы және Люксембургтағы елшісі, ҚР Еуроодақ және НАТО жанындағы миссиясының басшысы:
- Бүгінде Қазақстан жаһандық Euronews телеарнасымен берік байланыс орнатып жатыр. Бұл өзара тиімді қарым-қатынас. Қазақстанда және Орталық Азияның басқа елдерінде болып жатқан мәдени, саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңалықтары Euronews секілді жаһандық телеарнада шығуы - осы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жақсы мүмкіндік.
Педро Вадрас Дэвид, Euronews директорлар кеңесінің төрағасы:
- Бұл Қазақстан үшін де, Euronews үшін де өте маңызды қадам. Бұл қазақстандық тарап үшін Астанада хаб құратын алғашқы ірі халықаралық ақпараттық ойыншы екенін жақсы түсінемін. Бұл елдің әлемге қаншалықты ашық екенін көрсетеді. Ал біз Euronews-тің шығыста аясын кеңейтіп отырғанына қуанып отырмыз. Қазақстан - Еуразия құрлығының орталығы. Сол себепті біздің Еуропа елдерінде ғана емес, континенттен тыс жерлерде қанат жаюымыз біз үшін абырой. Біз бүкіл әлем бойынша 1,2 миллиард көрермені бар телеарнамыз. Сондықтан Орталық Азияда хаб ашуды бұрыннан қалаған едік.
Euronews телеарнасы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының медиа серіктесі болу туралы бастама көтерді. Ауқымды Халықаралық іс-шара қыркүйек айында Астанада өтеді.
Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов