Венецияда саяхатшылар саны шектелді

Барселона тұрғындары қалаға келетін туристер санын шектеуді сұрап отыр.

Ал билікке осындай талап қойған Венеция жұрты таяуда дегеніне жетті. Өйткені тұрғындар демалушылардың көптігінен ығыр болған.

Черногорияға круиздік кеме көп келеді

Мынау – Черногорияның Котор қаласы. ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра нысандары тізіміне кіреді. Саяхатшылар арасында да танымал. Мұнда бір күнде бірнеше круиздік кеме тоқтап, мыңдаған адам келеді. Бұған кәсіпкерлер мәз. Өйткені туристер көп табыс әкеледі. Жалпы туризм саласы Черногорияның жалпы ішкі өнімінің төрттен бір бөлігін құрайды. Бірақ демалушыларға қуанып жатқан тұрғындар аз. Өйткені олар қаланың инфрақұрылымына салмақ түсіреді. Бұдан бөлек, кемелер қоршаған ортаға зиян келтіреді.

Дорис Дайкович, Котор қаласының тұрғыны:

- Қалада адам көп. Серуендеудің өзі қиын. Сосын көлік қоятын орын жоқ.

Йован Ристич, Котор туристік ұйымының директоры:

- Кейінгі 10 жылда қалаға келетін кемелер саны артты. Жылдық көрсеткіш 500-ге дейін жетеді. Бұл 13 мың халқы бар Котор сияқты елді мекен үшін өте көп. Кемеден бөлек, автобуспен не өзге көлікпен келетін саяхатшылар да жетіп артылады. Бұл тұрғындардың өмірін қиындатады.

 

Венецияда саяхатшылар саны шектелді

Италияның Венеция қаласында да туристерді құшақ жая қарсы алып жатқан тұрғындар жоқ. 50 мыңдай халқы бар елді мекенге жыл сайын 30 миллион саяхатшы келеді. Содан үйдің, тауарлардың бағасы өсіп кетеді. Бұған дейін қалада туристік алым енгізілген. Ал осы айдың басынан бастап саяхатшыларға арналған топтық турлардағы адам санын 25-тен асыруға тыйым салынды.

Сауаланама:

- Дұрыс болды. Қалада турист көп. Содан кейбір жерге кіре алмай қиналасың.

-Адам санын 25-тен де азайту керек деп санаймын. Саяхатшылардың жанындағы гид қалай және қайда жүру керектігін айтып отырса да, бізге қиын. Өзіміздің туған қаламызда сырттан келгендерден рұқсат сұрауға мәжбүрміз.

 

Туристер Барселонада баспана бағасын шарықтатты

Барселона қаласының тұрғындары да туристерден мезі болғанын айтады. Былтыр шаһарға 12 миллион қонақ келген. Соның әсерінен баспана бағасы шарықтап кеткен. Мұндай жағдайға жергілікті жұрт қарсылығын білдіріп, ара-тұра ереуіл өткізіп тұрады. Наразылық акциялары көбейіп кеткен соң билік өкілдері 2028 жылдан бастап үйді бір тәулікке жалға беруге тыйым салатын қаулы қабылдады.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.