Америкалық дауыс берушілерді азық-түліктің бағасы алаңдатады
Америкалық дауыс берушілерді толғандыратын өзекті мәселе азық-түліктің бағасы болып тұр, деп хабарлайды 24KZ.
Елдегі прогрессивті топтар: «Халықтың күнделікті тұтынатын ішіп-жемі қымбаттады», – деп дабыл қағып жатыр. Осы орайда президентікке үміткер Камала Харрис елдегі ірі өндірушілерге кінә артып отыр.
Америкалықтардың көкейіндегі мәселе – азық-түліктің бағасы және қымбатшылық. АҚШ-тың Еңбек статистика бюросының мәліметі бойынша әрбір америкалық ай сайын азық-түлікке 700 долларға дейін жұмсайды. «Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді», – дейді мамандар. Халық болса күнделікті тұтынатын ішіп-жемнің қымбаттап, бағаның шарықтауына наразы.
Атланта тұрғыны:
- Баға ай сайын өсіп келеді. Мәселен, мен жоқ дегенде аптасына 400 доллар жұмсаймын. Кейде оған да жетпейді. Себебі – қымбатшылық. Осы мәселенің оң шешілуі үшін мен Трампқа дауыс беремін.
Трамп азық-түлікті реттеуге қатысты нақты механизм ұсынбағанымен, демократ Харристің бұл орайда айтары бар. «Бағаның қалтадан ұрып, азық-түліктің қолжетімсіз болып бара жатқанына елдегі ірі корпорациялар кінәлі», – дейді ол. Айтуынша, президент болып сайланса, бағаны манипуляцияуға жол бермейді.
Камала Харрис, АҚШ вице-президенті:
- Президент ретінде мен азық-түлік және үйдің бағасын төмендетуге күш саламын. Ірі корпорациялар жауапқа тартылу қажет. Америкалықтардың, оның ішінде жұмысшы таптың қолайлы өмір сүруіне барынша жағдай жасауға тырысамын.
АҚШ-тағы азық-түлік бағасы 2019-2023 жылдар аралығында рекордтық деңгейге жетіп, 25% өсті. «Биылғы жылы баға салыстырмалы түрде тұрақты болғанымен, азық-түліктің қолжетімді болуы дауыс берушілердің басты назарында қала бермек», – дейді мамандар.
АҚШ-тағы азық-түлікті бақылау ұйымдарының ақпаратына сүйенсек, 2024 жылы жұмыртқа, сүт, картоп, және кофе сияқты тауарлар қымбаттаған. Оны дүкен сөрелерінен де аңғаруға болады. «Бірінші кезекте тұтынатын тауар бағасының өсуі әсіресе табысы төмен отбасыларға қатты сезіліп жатыр», – дейді мамандар.
Атланта тұрғыны:
- Мен үйді жалға алып тұрамын. Ай сайын қымбаттап келеді. Сол себепті азық-түлікке жұмсайтын ақшаны үнемдеуге тура келеді. Өзім қалаған нәрселерді алып жей алмаймын. Тіпті ет жемеймін. Тек салат пен тіске басарлар ғана.
Мамандардың айтуынша, пандемиядан кейінгі рецессия мен үкіметтің халыққа қаржылай көмек көрсетуі нарықтағы бағаның құбылуына әсер етпей қоймады. Дегенмен сарапшылар: «Алдағы уақытта бағаның күрт өсуі болмайды», – деп болжап отыр.
Авторы: Талғат Алманов.