Швейцария билігі жаңа АЭС салуға ниетті
Еуропа елдері Қазақстанның атом энергетикасын дамыту бастамасын қолдайды.
Сондай мемлекеттің бірі – Швейцария. Орталық Еуропа мемлекеті осыған дейін атом энергетикасын пайдалануды ширата түсуге қарсы болған еді. Енді федералдық кеңестің шешімімен Үкімет жаңа атом электр стансыларының құрылысын шектейтін шешімді алып тастады. Енді бұл мәселе референдумға шығарылуы тиіс.
Электр энергиясының тапшылығын тек қана импорт есебінен шешу мүмкін емес. Мұны Еуропада 2022 жылы басталған энергетикалық дағдарыс айғақтады. Сондықтан Швейцария билігі атом энергетикасын дамыту қажеттігі жайлы айтып отыр. 2017 жылы мұнда жалпыұлттық референдум кезінде баламалы энергия көздерін дамытуға бағытталған бастамаға сәйкес жаңа атом электр стансыларының құрылысына тыйым салынған. Бірақ билік: «Мұны қайта қарау қажет», – дейді. Сөйтіп, арнайы отырыс кезінде ел үкіметі тиісті шешімнің күшін жоюды қолдаған.
Лукас Аби, Швейцария ядролық форумының бас хатшысы:
- Атом энергиясы – энергияның тұрақты көзі. Сондай-ақ ол өзгелер секілді қоршаған ортаны ластамайды. Бүгін – Швейцарияның ядролық форумы мен ядролық энегретикасы үшін қуанышты күндердің бірі. Енді жаңа атом электр стансыларының құрылысына тыйым салу туралы шешімді алып тастау бастамасын парламент мақұлдау керек. Сосын референдумда халық шешеді. Барлығы ойдағыдай өтсе, ядролық энергияға үміт арта аламыз. Өйткені бүгінде тек Швейцарияда емес, бүкіл әлемде климаттың өзгеруі мен энергеткалық қауіпсіздікке қатысты қиындық көп.
Швейцарияда қазір 4 атом электр стансысы жұмыс істеп тұр. Солардың ең алғашқысы 1969 жылы қолданыске берілген.
Төртеуі елдің энергетикалық қажеттілігінің үштен бірін ғана қамтамасыз етіп отыр. Олардың қызмет көрсету мерзімі белгіленбеген. «Десе де жабылатын болса, энергия тапшылығы туындауы мүмкін», – дейді сарапшылар.
Мәселенің жаңартылатын энергия көздері есебінен шешілуі екіталай. Бұл ретте Швейцария ядролық форумының өкілдері атом энергетикасының маңызын жақсы түсінеді. Сондықтан Қазақстанның атом электр стансысын салу туралы жоспарын қолдап отыр.
Лукас Аби, Швейцария ядролық форумының бас хатшысы:
- Бұл – Қазақстан үшін тарихи сәт. Сіздерді құттықтаймын. Елде уран көп. Дарынды жас мамандар да жеткілікті. Сондықтан бұл өте орынды шешім деп ойлаймын. Ол энергетикалық қауіпсіздік және экология үшін ғана емес, Қазақстан экономикасы үшін де тиімді.
Енді жаңа атом электр стансыларын салу туралы шешім референдумда талқылануы тиіс.
Лукас Аби, Швейцария ядролық форумының бас хатшысы:
- Швейцарияда жылына 4 рет референдум өтеді. Бұл дұрыс деп ойлаймын. Сонда билік халықтың келешекте электр энергиясының қай түрін қажет ететіні туралы білетін болады.
Швейцарияның федералдық кеңесі жыл соңына дейін энергетика бойынша баламалы заң жобасын әзірлейміз деп отыр. Сөйтіп, құжат жаңа атом электр стансыларының құрылысы туралы бастамамен бірге жалпыхалықтық дауыс беруге шығарылады.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Жанат Эрнст, Жомат Ахметов.