Душанбеде электромобильдерді қуаттайтын 150 стансы салынады

Тәжікстан астанасы Душанбеде электр көліктерді қуаттайтын 150 жаңа электр стансы салынбақшы, деп хабарлайды 24KZ.

Билік сол арқылы экокөліктерге деген сұранысты арттырып, оны қолжетімді етуді көздеп отыр. Аталған инфрақұрылымды салу қалай жүзеге асырылады? Электромобиль жүргізушілеріне қандай жеңілдіктер қарастырылған?

Толиб Гаюров Душанбеде электрлі такси жүргізушісі болып жұмыс істейді. Ол: «Бұрын мұндай көліктерді қуаттау үшін ұзынсонар кезекте тұратын едік. Ал қазір электр стансыларының көбеюінің арқасында көп уақыт кетпейтін болды», – дейді. 

Толиб Гаюров, такси жүргізушісі:

- Көлікті бір қуаттап алсақ, 200-300 шақырымға дейін жетеді. Әрі оның құны бензинмен жүретін көліктерге қарағанда 5 есе арзан. Қуаттағыш стансылар кез келген жерде бар. Бұрынғыдай кезек күтіп тұрмаймыз.

Толибтің айтуынша, бүгінде Душанбеде осындай 50 стансы жұмыс істейді. Ал шаһар сыртында тағы 30 орын бар. Барлығы жылдам қуаттайды. Небәрі 40 минутта темір тұлпарыңды бірнеше күндік жолға жететіндей етіп қуаттап алуға болады.

Иброхим Латифов, электромобиль бойынша маман:

- Елде электромобильді қуаттағыш стансылар аз. Билік қазір осы мәселені шешуге көп көңіл бөліп жатыр. Мына біз тұрған стансының қуаты 160 киловатқа жетеді. Яғни, 4 көлікті қатар қуаттауға болады.

Бүгінде мемлекет тапсырысымен елге 5 мыңдай электромобиль жеткізілген. Экологиялық таза көлік болғандықтан, электрокарлар иелерінен импорт бажы алынбайды. Сондай-ақ олар техникалық тексерістен босатылып, мүлік салығын аз мөлшерде төлейді.

Елена Козикова, электромобиль саласы бойынша маман:

- Тәжікстанда электромобильдерге сұраныс артып келеді. Адамдар көбіне олардың қауіпсіздігіне мән береді. Іші жайлы, бағасы көңілге қонымды болғанын қалайды.

Тәжікстан билігі электр көліктерге арналған стансылардың санын көбейтуге ниетті. Жуық арада Душанбеде тағы 150 қуаттағыш орын қолданысқа берілмек. 

Авторы: Фариза Жанғанаева.