Сирияда 12 жыл бұрын жабылған тарихи базар қайта ашылды
Сирияның Алеппо қаласында 2012 жылғы қақтығыс кезінде қираған базарлар қалпына келтіріліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Бір кездері күл-талқаны шыққан шаһарда тіршілік қайта жандана бастаған.
Сириялық саудагер Махмұт Қожа Алеппо шаһарындағы тарихи базар Әл-Хаддадиндегі дүкеніне 12 жылдан кейін оралып отыр. Ол 2012 жылы Сирия үкіметінің әскері мен бүлікшілер арасындағы қақтығыс кезінде елден кетуге мәжбүр болған еді.
Ахмұт Қожа, саудагер:
- Мен мұнда Алеппо азат етіле салысымен дүкенімді жөндеп, кәсібімді жалғастырармын деген үмітпен қайтып келген едім. Өкінішке қарай, дүкенімнен түк қалмаған. Жиған-тергенімнің бәрі күлге айналған.
Қаланың ескі базарларында еңбек еткен басқа саудагерлердің да жағдайы осыған ұқсас. Өйткені Сирия үкіметі 2018 жылы ескі Алеппоны бақылауына алғанымен, шаһардың көп ауданы шайқастардан тас-талқаны шыққан.
Мұхаммед Хоссам Әбу, саудагер:
- Елде қарулы қақтығыс бастала салысымен барлығын мүлкімізді тастап, басқа елді барып паналаған едік. Кейін ахуал тұрақталған соң қайтып келген едік, дүкеніміз қирап, өртеніп кеткенін көрдік. Оны қалпына келтіруге біраз уақыт кетті.
Қазір Ескі Алеппо базарларындағы дүкендердің көбі жөнделіп, ашылған. Жергілікті тұрғындар да бұрынғы бейбіт өмірге біртіндеп оралып жатқандарын айтады.
Ум Мұхаммед, тұрғын:
- Ескі Алеппоға қайта оралдық. Құдды бір 12-13 жылға артқа шегінген сияқтымыз. Көшелер, мына базарлар біз үшін сондай ыстық.
Қазір Алеппоның ескі базарларында 144 дүкен қалпына келтірілген. Бұл шаһардағы барлық сауда орындарының шамамен 80% болады. Солардың бірі – бұрындары өзінің темір ұсталарымен танымал болған тарихи Әл-Хаддадин базары. Жергілікті билік шаһардың уақыт өте келе қайта гүлденіп, аймақтағы сауда орталығының біріне айналатынан сенімді.
Авторы: Фариза Жанғанаева.