Су тасқыны: Нигерияда жағдай ушығып барады

Нигерияда жұрттан тіптен маза қашты.

Толассыз жауған жаңбырдың кесірінен миллиондаған тұрғын үйін тастап кетіп жатыр.

Уақытша лагерьлер адамға лық толған, ине-шаншар жер жоқ. Амалы құрыған қараша халық жүк көліктерін паналауға мәжбүр.

Бұл – бес баланың анасы Калтум Мохаммед. Табиғат апаты оның үйін шайып кеткен. Барар жер, басар тауы қалмаған ол отбасымен бірге уақытша баспананы паналауға мәжбүр. Калтум сияқты мыңдаған тұрғын бұл орындарда күнін көріп, лашықтан пана жасап, ашық аспан астында түнеп жүр.

Калтум Мохаммед, жергілікті тұрғын:
-
Лагерьлердің толып кетуіне байланысты билік бізді осы жерге орналастырды. Бізге уақытша орын табуға уәде берген, бірақ көмектен мақұрым отырмыз. Жағдайымыз қиын, бәрінен бұрын балаларым үшін қатты алаңдаймын.

Зара Мустафаның 8 баласы бар. Олардың бір аптадан бері ішерге суы, тұтынарға асы жоқ. Су құбыры да істен шығып, ауыз суға жарымай отыр. Басындағы жалғыз баспанасы апат кезінде жарамсыз болып қалған. Билік болса халықтың базынасына құлақ асар емес. 

Зара Мустафа, жергілікті тұрғын:
-
Біз бір аптадан бері аш-құрсақ отырмыз. Үкіметтен ешқандай қолдау көрсетілмеді. Азық-түлік өз алдына, тіпті дәрі-дәрмек те беріліп жатқан жоқ. Аштықтан, шөлден әбден күйзеліп кеттік. Ашық аспан астында масалардың талауына тап болдық. Денсаулығым күрт нашарлап кетті.

Жергілікті жұрттың жағдайы күн өткен сайын нашарлауда. Өйткені ауа райының қолайсыздығы аймақта жұқпалы аурудың таралу қаупін арттырған. Сарапшылар аймаққа шұғыл көмек көрсетілмесе, халықтың аштан қырылатын түрі бар дейді.

Авторы: Динара Орынтай