Еуропада су тасқыны құрбандарының саны артты
Орталық және Шығыс Еуропада тасқын құрбандарының саны 24 адамға жетті.
Табиғат апатынан келген шығын орасан зор. Кей аймақтарда тағы жаңбыр селдетіп, су тасқыны жүре ме деген қауіп бар. Еурокомиссия табиғи апат салдарымен күреске 10 миллирд еуро бөлетінін жариялады.
Қазір әсіресе Венгриядағы жағдай қиын. Мұнда Дунай өзенінің деңгейі көтеріліп, ел астанасы Будапешт көшелерін су басқан. Су тіпті парламент ғимаратына да кірген. Қазір қалада көлік қозғалысы шектелді. Ертең кешке тасқын шарықтау шегіне жетуі керек деп болжап отыр. Билік Дунай өзенінің деңгейі 8 жарым метрге дейін көтерілуі мүмкін дейді.
Виктор Орбан, Венгрия премьер-министрі:
- Қорғаныс бөгеттерінің биіктігі 9 метрге дейін жетеді. Демек Дунай өзенінің деңгейі біз ойлаған межеге дейін көтерілсе де бөгеттер қорғап қалу керек. Сосын әскерилер жағалауды құммен толтырылған қаптармен нығайтып жатыр.
Италия
Италияда да толассыз жаңбырдан өзендер арнасынан асып, тасып жатыр. Қауіпті аймақтан мыңнан аса адам эвакуацияланған. Билік тұрғындарды мүмкіндінігше алыс сапарға шықпай, үйден жұмыс істеуге шақырып отыр.
Галеаццо Биньями, Италия инфрақұрылым және көлік министрінің орынбасары:
- Жағдай күрделі. Су басқан өңірлер өте көп. Жана ғана екі адамның жоғалып кеткені туралы хабар алдық. Олар Баньякавалло қаласының тұрғындары. Қазір онда эвакуация жүріп жатыр.
Джанфранко Марколин, Баньякавалло қаласының тұрғыны:
Жағдай қиын. Жауыннан қаланы су басып жатыр. Былтыр тура осылай болған еді. Биыл міне тағы қайталанып отыр. Билік неге ерте тексеріп, дайындалмаған. Бәрі уақытында жүргізілсе, бүгінгідей тізеден су кешіп жүрмес едік қой.
Польша
Польшада да су басқан үйде есеп жоқ. Ауыл шаруашылығына зор шығын келді. Еурокомиссия тасқыннан жапа шеккен Еуропа елдеріне 10 милилард еуро көмек бөлетінін жария етті. Ақшаның жартысын Польша алады. Судың беті қайтпай келтірілген шығынды анықтау мүмкін емес дейді сарапшылар. Жергілікті билік болса қазірден-ақ Еукрокомиссияның 5 миллиард еуросы табиғи апаттан зардап шеккен аудандарды қалпына келтіруге жетпейді деп отыр.
Жұлдыз Атагельдиева