Қытайда АЭС төңірегіндегі елді мекендер 20 жылда адам танымастай өзгерген

Қытайда ірі қалалар мен шағын елді мекендер маңында орналасқан атом электр станциялары бар, деп хабарлайды 24kz.

Соның бірі – 4,5 миллион тұрғыны бар Ляньюньган шаһары жанындағы Тяньвань АЭС-і. 8 бірдей реактор орналасқан өндірістік аймақта жұрт қалай тұрып жатыр?

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Тяньвань атом электр станциясы Қытайда ғана емес, әлемдегі ең ірі АЭС-тердің бірі. Бұл жерде 20 жылдан бері реакторлар тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Дәл қазіргі қуаты 440 миллиард киловатт/сағат. Бұл Қытайдың бүкіл қаласы мен ауылын 4 ай бойы қамтамасыз етуге жететін энергия. Қазір осы станцияның маңайында 10-нан астам елді мекен мен Ляньюньган қаласы бар.

Мына менің артымда тұрған Сары теңіз. Тяньвань атом электр станциясы тура осы Сары теңіздің үстінде орналасқан. Осы таудың бөктерінде АЭС-тен небәрі 500 метр жерде халық тұрып жатыр. Яғни, ауыл орналасқан. Ал мына судың барлығы осы атом электр станциясында пайдаланылған су. Оның барлығы қайтадан теңізге жіберіледі.

Ядролық реактордан шыққан су тікелей теңізге құйылып жатыр. Ал Сары теңіз жергілікті тұрғындардың табыс көзі. Балығын аулап, балдырын сүзеді. Артылғанын нарыққа саудалайды. Яғни халық АЭС-тің суы құйылып жатқан теңіздің өнімдерін азық етіп отыр. Люхы – ядролық нысанға ең жақын ауыл. Балықшы Гуей Юнь Бын осында туып өскен.

Гуэй Юнь Бын, балықшы:

- Біздің ауыл теңізді жағалай орналасқан. Анау көрініп тұр. Тұрғын үйлер, саябақ, бәрі осы маңайда. Таудың арғы бетінде келесі ауыл бар. Осы жерден балық аулауға шығамыз. Анау тұрған атом электр станциясы. Жұмыс істеп тұрғанына 20 жылдай уақыт болды. Зиянын көріп, сезінген емеспіз. Қалыпты өмір сүріп жатырмыз.

Ауланған балықтар шынымен сатылып жатқандығына көз жеткізу үшін базар аралап көрдік. Іші теңіз өнімдеріне толып тұр. Аквариумге әкеленіп, тірідей саудаланады. Бұл – Хуай Лидің 10 жылдан бергі кәсібі. «Олар таза, еш алаңдамай-ақ пайдалануға болады» дейдібалықшы.ү

Хуай Ли, сатушы:

- Бұл жердегі су шаянынан бастап балықтар мен теңіз өнімдері бәрі осы төңіректен ауланған. Осы жерде тұрақты сауда жасаймын. Халық та, өзіміз де осы өнімдерді тұтынамыз. Балық та жеткілікті. Сұраныс та төмендеген емес. АЭС-тің зиянды әсерін сезген емеспіз.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Бұл кісінің айтуынша, өнімдердің барлығы дәмді. Олардың бәрі АЭС орналасқан Сары теңізден ауланып осы жердегі қалада базарларда еркін сатылып жатыр.

Тұрғындар қауіпсіздік жүйесіне сенімді. Қазір Тяньвань АЭС-інде үшінші буынды 6 ядролық реактор жұмыс істеп тұр. Тағы екеуінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл жерде тек электр энергиясы ғана емес, зауыттарға қажетті бу да өндіріледі. Қауіпсіздік ең бірінші орында. Станция маңына 14 жерге радиация деңгейін бақылайтын қондырғылар орнатылған. Қойылған өлшеуіштердің әрқайсысының қызметі әртүрлі. Біреуі жауған жаңбыр суын жинап, сынақтан өткізеді. Екіншісі ауа құрамын зерделейді.

Гуо Иен Лай, Тяньвань АЭС Жанындағы қоршаған ортаны қорғау орталығының инженері:

- Мына құрылғы жаңбыр суын жинайды. Тамшы тамған сәтте автоматты түрде қақпағы ашылады. Белгілі бір мөлшерде жиналған соң сынама нәтижесі орталық базаға түседі. Ал мынау ауадағы көмірқышқыл газдарды анықтайды. Бұл жерде радиоактивті электромагнитті гамма сәулелердің мөлшерін зерделейтін құрылғы да тұр. Барлығы компьютермен бір орталықтан басқарылады. Егер шамадан тыс мөлшер шықса, бірден автоматты түрде дабыл қағады.

Технологиядан бөлек, қауіпсіздікке мамандар да жұмылдырылған. АЭС-тің жанында қоршаған ортаны мониторингілеу орталығы бар. 20 адам станция төңірегін күнделікті бақылап отырады. Алынған сынамаларды арнайы зертханада тексереді. Сонымен қатар теңіздің әр аумағынан су жәндіктері ауланып, олардың уланған-уланбағаны да осы жерде зерделенеді. Судың да құрамы жіті бақыланады.

Сун Джуй Ян, лаборант:

- Судың ластанбауын қадағалау – біздің міндетіміз. Бұл сынамаларды үшінші және төртінші энергоблоктан алып келдік. Сынама АЭС-тен теңізге тасталатын құбырдан алынды. Қазір зертханада құрамын тексеріп, радиация деңгейін анықтаймыз. Тексеру күнделікті жүргізіледі.

Қауіпсіздіктен бөлек, АЭС жұмысын жүргізіп отырған ядролық энергетикалық компанияға әлеуметтік жауапкершілік жүктелген. Компания жыл сайын жергілікті елді мекендерге жол, көпір, мектеп, балабақша, жарық жүргізу сияқты қажетті инфрақұрылым салып жөндеп отыруға міндетті. Осының арқасында кейінгі 20 жылда АЭС төңірегіндегі елді мекендер адам танымастай өзгерген.

Ма Ли, Тяньвань АЭС-нің 1-ші электр станциясының директоры:

- 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Басым көпшілігі жергілікті тұрғындар. Кадр даярлау ісі де жолға қойылған. АЭС Ляньюньган қаласы ғана емес, Цзянсу провинциясының өндірістік және энергетикалық құрылымын тиімді реттеуге ықпал етті.

Бүгінде Ляньюньган 4,5 миллион халық тұратын алып шаһарға айналды. Экономикасы жөнінен ел бойынша үздік ондыққа кіреді. Дәл осы қалада химиялық өндірістік парк орналасқан. 100-ден астам зауыт, фабрика бар. Басым көпшілігі химиялық өндіріс орындары. АЭС салу туралы стратегиялық шешім о баста осы өндіріс ошақтарын тұрақты энергиямен қамтамасыз ету үшін қабылданған.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы