Таяу Шығыста соғыс қалдықтарынан қалашық құрылды
Адам тұмса табиғат, жан рахатын сезінтер теңіз, көлдерге ғана құмар емес екен. Таяу Шығыста көлеңкелі туризм дами бастады, деп хабарлайды 24kz.
Израиль басып алған аумақта бүлінген нысандар туристік аймаққа айналған. Саяхатшылар трагедиялық орындарды көруге арнайы барады екен.
Израиль бүгінгі күнді ертеңгі тарихқа айналдырыпты. Өртенген көліктер мен қираған ғимараттардың қалдықтарынан арнайы қалашық құрып, әскери мұражай мен ескерткіш сияқты орын ашқан. Тіпті қақтығыс кезінде қаза тапқан израильдік құрбандардың моласы да келушілерге көрсететін жерге айналған. «Саяхатшылар әсіресе, осында жиі бас сұғып, марқұмдар үшін дұға етеді», - дейді ұйымдастырушылар.
Дэнни Герман, туроператор:
- Айналаға қарасаңыз, туристердің қарасы қалың. Арнайы көлік жалдап, топ-тобымен келгендер де бар. Израиль шекарасына өту өте қиын. Соған қарамастан осы орынды тамашалау үшін жергілікті халықтан бөлек, сырттан келушілер де көп. Бұл жер біртіндеп туристік аймаққа айналады деп сенемін.
Америкалық Дэна Коэнның ұлты – еврей. Израильге қалашықты тамашалау үшін арнайы келген. Алдымен қақтығыс құрбандары жатқан жерге бас сұғып, қандастары үшін алақан жайып, дұға етті.
Дэна Коэн, турист:
- Мұнда жатқан марқұмдардың барлығы – менің туыстарым. Сондықтан алдымен осында келіп, құрмет көрсету парызым деп білемін. Мемориалдық мұражайға да бас сұғып, әскери қимылдарды өз көзіммен көргендей болдым.
Туроператорлардың ұйымдастыруымен құрылған қақтығыс қалашығы туристерді көктемнен бері қабылдай бастапты. Келушілерді тарту үшін тағы да осындай орындар ашып, санын арттырып, көлеңкелі туризмді дамытуды жоспарлап отыр. Сөйтіп, оларды еліміздің тарихынан сыр шертетін маңызды жерлерге айналдырамыз дейді.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева