Қазақстан Австриядағы сайлауға алғаш рет халықаралық бақылаушы болады

Австрияда Ұлттық кеңеске немесе Парламенттің төменгі палатасына сайлау өтеді.

Осы сайлауда алғаш рет Қазақстан өкілі, еліміздің Орталық сайлау комиссиясының басшысы Нұрлан Әбдіров халықаралық байқаушылар арасында жұмыс істейді. Алдын ала жүргізілген сауалнамалар нәтижесі, сайлаушылардың төрттен бірі консер-вативтік Австрия халық партиясын қолдайтынын көрсетті. Ал әсіре-оңшылдар 27 пайызға дейін, социал-демократтар 20 пайызға дейін дауыс жинауы мүмкін.

Жанат Эрнст, тілші:

- Соңғы әлеуметтік сауалнамалар нәтижесі Австриядағы парламенттік сайлау алдындағы дода фавориттері – консервативті халық партиясы мен әсіреоңшыл еркіндік партиясы екенін көрсетті. Дегенмен, сарапшылар әсіреоңшылдардың жеңіске жететінін жоққа шығармайды. 

Австрияның еркіндік партиясы Венгрияның Фидес партиясымен ұқсас көзқараста. Чехияның «Қарсы шығатын азаматтардың әрекеті» қозғалысымен бірге аталған үш партия маусым айында Еуропарламенттің «Еуропалық патриоттар» жеке саяси тобын құрды. Бақылаушылардың пікірінше, Австрияның «Бостандық партиясының» инфляция, көші-қон және басқа да ішкі және халықаралық мәселелерге қатысты тіке, кейде қатал риторикасы көптеген австриялықтарға ортақ. Олар, атап айтқанда, үкімет құрамы мен іс-әрекетін жаңартуға қатысты өзгерістер күтуде.

БЛИЦ

- Бұл жерде қазір әсіре оңшылдар өте танымал. Бірақ тепе-теңдіктің арқасында ертең демократиялық партиялар жеңіске жетеді деп сенемін. Австрияның Еуропадағы болашағы зор. Ел ішіндегі жағдайға, экономикаға қарау керек. Алдағы екі-үш жылда біздің айналамыз – Еуропа мен Таяу Шығыстағы дағдарыстар әсер ететін сияқты. АҚШ-тағы сайлауға қатысты жағдай да қиын. Мұның бәрі қазір Австриядағы ахуалға әсер етіп отыр.

- Сайлау нәтижесі халықтың шешімімен болады деп үміттенемін. Бізде жаңа үкімет болады деп күтеміз. Біз қазірдің өзінде көптеген қиындықтарды басымыздан өткіздік. Пандемия кезінде көп адам зардап шекті, тіпті кейбіреулері қайтыс болды. Бізге ақшаны қажетсіз нәрселерге жұмсамай, халық қажетіне жұмсайтын үкімет керек.

- Мен қазір саясатта не болып жатқанын толық білмеймін. Мен әсіре оңшылдар бағдарламасымен таныстым, ол жерде ерекше проблемаларды көрмедім. Біз мұнда тұратын шетелдіктердің немесе мигранттардың келуіне қарсы емеспіз. Біз қылмысқа қарсымыз және келушілер тарапынан қылмыс деңгейін бақылауды немесе реттеуді қалаймыз. Шетелдіктер қылмысқа араласса, жергілікті тұрғындар мен тараптардың оны реттегісі келетіні заңды.

Алдын ала жүргізілген сауалнамаларға сәйкес, әсіреоңшылдар мен консерваторлар арасындағы алшақтық айтарлықтай емес – небәрі 2 пайыз. Дегенмен, бақылаушылар әсіре оңшылдар екі жылдан бері барлық сауалнамаларда алда келе жатқанын және маусым айында елдегі еуропалық сайлауда жеңіске жеткенін айтады. Сонымен қатар австриялық әсіре оңшылдар бұрын да үш үкіметтік коалицияның құрамында болған және жеткілікті саяси тәжірибе жинаған. 

Жанат Эрнст, тілші:

- Егер консерваторлар сайлауда жеңіске жетсе, олар либералдар мен социал-демократтармен біріккен коалиция құруға уәде беріп отыр. Ал қарсыластары көбірек дауыс жинаса, бұл Австрия тарихындағы Әсіре оңшылдардың алғашқы жеңісі болмақ. Бірақ ондай жағдайда да серіктестермен коалиция құру оңай болмайды, дейді сарапшылар. 

Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов