Израиль Йемендегі мұнай қоймаларын атқылады

Израиль әскері Йеменнің Ходейда портындағы электростанция мен мұнай қоймаларын атқылады, деп хабарлайды 24kz.

ЦАХАЛ өкілдерінің айтуынша, бұл нысандардың астында хуситтердің әскери инфрақұрылымы орналасқан.

Қолда бар мәлімет бойынша шабуылға 10-ға жуық әскери ұшақ жұмылдырылған. «Әуе соққысынан 4 адам көз жұмып, 40 азамат жарақат алды», - дейді Йеменнің денсаулық сақтау министрлігі. Бұл операция жуырда хуситтердің Тель-Авивтегі Бен Гурион әуежайына жасаған шабуылына қарсы жауап болды. Аталған әуе айлағына Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху баруы керек-тін. ЦАХАЛ әскерилері дер кезінде әрекет етіп, хуситтердің шабуылына тойтарыс берген еді.