Таяу Шығыстағы шырғалаң

Таяу Шығыстағы шиеленіс одан әрі үдемесе, тыншитын сыңай танытпайды.

Бүгін түнде Иран әскері тұтқиылдан Израиль жерін зымыранмен атқылады. Бұған шүйліккен еврей билігі қарымта қайтаруға бекініп отыр.

Тыныштықты бұзған түн. Бүгін Иранның 200-ге жуық зымыраны Израиль аспанының астаң-кестеңін шығарды. 

Мұхаммед Багери, Иран қарулы күштері біріккен штабының басшысы:

- Иранның қарулы күштері бұл операцияны үдете түсуге дайын. Егер сионистік режим райынан қайтпай, қылмыстық әрекетін жалғастыратын болса немесе біздің егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымызға нұқсан келтіруді көздесе, бүгінгі операция бұдан да жоғары қарқынмен қайталанатын болады.

Бірақ Израиль билігінің алған бетінен қайтар түрі жоқ. Бүгінгі шабуылға қарымта қайтармақ.  

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Бүгін Иран үлкен қателікке бой алдырды. Шабуыл үшін жауап береді. Өзімізді қорғау жолында және дұшпаннан кек алу мақсатында біздің қандай қадамға баратынымызды түсінбейді. Мүны Синвар мен Дейф те, Насралла немесе Мохсен де ұққан жоқ. Көп ұзамай түсінетін болады. Бізге кімде-кім шабуыл жасайтын болса, оған қарымта шабуылмен жауап қайтарамыз. 

Израильге түні бойы зымыран жаудырған Иранның әрекетінен қанша адамның опат болғаны туралы әзірге ақпар жоқ. Инфрақұрылымға келген шығын көлемі де белгісіз. Белгілісі, Иран әрекетін көрші Ирак жұрты қуана қабылдады. Бағдатта түр ортасында жүздеген азамат көшеге шығып, ұрандатты. 

T.ME/TRTHABER

Израильдің әуе соққысынан зардап шегіп жатқан газалықтар да еврей аумағына бағытталған зымырандарды көріп, масайрады.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бүгін аймақтағы ахуал бойынша шұғыл отырыс өткізуді жоспарлап отыр.