БҰҰ ЕЭК референдум өткізуді қолдайды
Біріккен Ұлттар Ұйымы Еуропалық Экономикалық комиссиясы Қазақстан басшылығының атом электр станциясын салу бойынша референдум өткізу туралы шешімін қолдайды.
Бұл туралы Женевада біздің телеарнаға берген эксклюзивті сұхбатында БҰҰ Еуропалық Экономикалық комиссиясы атқарушы хатшысының орынбасары Дмитрий Марьясин мәлімдеді.
БҰҰ Еуропалық Экономикалық комиссиясы осы Ұйымға мүше ел ретінде Қазақстанмен тұрақты энергетика саласындағы барлық мәселелер бойынша бірлесіп жұмыс істейді. «Біздің ынтымақтастықтың негізгі бағыты – Қазақстан үкіметінің қолдауымен теңгерімді энергетикалық саясатты қалыптастыру. Осы ретте Таза энергия көздеріне басымдық беріледі», – дейді БҰҰ ЕЭК Атқарушы хатшысының орынбасары Дмитрий Марьясин.
Дмитрий Марьясин, БҰҰ ЕЭК атқарушы хатшысының орынбасары:
- Қазақстан – аймақтағы жетекші энергетикалық державалардың бірі, мұнай мен газдың маңызды жеткізушісі. Осы тұрғыдан алғанда елдің отын-энергетикалық секторы мен энергия өндіру экономиканың маңызды бөлігі саналады. Екінші жағынан, еліңіздің жекелеген аймақтарында әлі де электр қуатының тапшылығы бар. Көмір Қазақстанда өндірілетін электр энергиясының 60% құрайды. Бірақ Қазақстанның БҰҰ климаттың өзгеруі туралы негіздемелік Конвенциясы шеңберінде парниктік газдар азайту мақсатында ерте ме, кеш пе белгілі талаптарды орындауы тиіс. Оның ішінде көміртегі жүктемесін азайту бар.
Қазақстанның болашақта жаңғыртылатын энергия көздері – күн және жел энергетикасын дамытудың әлеуеті зор. «БҰҰ атом энергетикасын көміртегі жүктемесін азайту және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ықтимал шешімдерінің бірі ретінде қарастырады», – дейді халықаралық сарапшы.
Дмитрий Марьясин, БҰҰ ЕЭК атқарушы хатшысының орынбасары:
- Біз, біріншіден, Қазақстан Президенті мен Үкіметтің жаңа атом электр станциясын салу мәселесін референдумға шығаруын құптаймыз. Қазақстан Орхус конвенциясының қатысушысы. Соныдқтан кез келген шешімдер бойынша халықпен кеңесу қажет. Екіншіден, біз әр елдің энергетикалық қоржынын теңестіруге құқығын құрметтейміз. Оның ішінде, әрине, атом энергетикасы бар.
АЭХА және Климаттың өзгеруі жөніндегі халықаралық топ мүшелерінің пікірінше, жаһанда атом энергиясынсыз температураның 1,5 градусқа төмендету мүмкін емес. «Бірақ оны қабылдаған кезде қауіпсіздік пен ядролық қалдықтарға қатысты маңызды мәселелерді ескеру қажет», - дейді Дмитрий Марьясин.
Дмитрий Марьясин, БҰҰ ЕЭК атқарушы хатшысының орынбасары:
- Қазақстан уран өндіруден әлемде көш бастап тұрғанын бәріміз білеміз. Ресурстары да мол. Менің түсінуімше, АЭХА сарапшылары Қазақстанда болып АЭС салуға қатысты өз бағасын берді. Мен Қазақстан атом электр станцияларын салу үшін барлық дайындық жұмыстарын жоғары деңгейде әзірлейтініне сенімдімін.
Дмитрий Марьясинның айтуынша атом электр станциясының құрылысы кезінде жоғары сапалы жобалық құжаттамасы, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі, экологиялық сараптамасы және басқа да міндеттемелерде қарастырылған барлық нәрсенің болуы өте маңызды. Бұл БҰҰ ЕЭК Орхус конвенциясы мен ЭСПО Конвенциясын сақтау үшін қажет.