Бельгия АЭС-ті пайдалануға ерекше мән беріп отыр

Бельгия атом реакторларын жабуды тағы 10 жылға шегерді.

Бүгінде корольдікте қуаттылығы 5 761 МВт болатын екі атом электр станциясы бар. 2016 жылы атом энергиясы елдегі электр қуатының жартысынан астамын өндірді. Корольдікте неліктен атом электр станцияларының қызмет ету мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдады?

1952 жылы Бельгияда ядролық зерттеулер бойынша «SCK - CEN» оқу орталығы құрылды. Корольдіктің алғашқы атом реакторы 1956 жылы іске қосылды. 1974 жылы алғашқы атом электр станциясы салынды. Араға 10 жыл салып барып тағы 6 реактор іске қосылды. Былтыр наурыз айында билік екі атом реакторының жұмыс істеу мерзімін тағы 10 жылға ұзарту туралы шешім қабылдады. 

Хамид Айт Әбдеррахим, «Myrrha» халықаралық жобасының басшысы:

- Қазір атом қуатынсыз энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін емес. Оны көптеген елдің тәжірибесінен көріп отырмыз. Біз жаңартылатын қуат көздерімен қатар атом энергетикасын да дамытуымыз керек. Осы себепті Бельгияда ең көне атом электр станцияларындағы екі реактордың жұмысын ұзарту туралы шешім қабылданды.

АЭС зиянды шығарындылардан таза энергия көзі саналады. Сарапшылар мұны оның сөзсіз артықшылығының бірі дейді. Бельгияның ядролық қалдықтарды пайдаланумен бірге оларды тиімді көму бойынша тәжірибесі мол. Ол көп саламен байланысты. Сондықтан осы сектордағы халықаралық «Myrrha» жобасы Корольдіктің кешенді ұлттық энергетика және климат жоспарына енгізілген. Жоба жетекшісі бельгиялық ғалым Хамид Айт Абдеррахим Қазақстанның атом саласындағы көптеген ғалымдарымен жақсы таныс. Сарапшы: «АЭС еліміздің ғылыми-техникалық дамуына зор ықпал етеді», – дейді.

Хамид Айт Әбдеррахим, «Myrrha» халықаралық жобасының басшысы:

- Қазақстанда атом электр станциясын салу идеясы өте өзекті. Өйткені бүгінде көптеген мемлекет климаттың өзгеруіне алаңдап отыр. Ал атом энергетикасы осы мәселені шешудің бірден бір жолы саналады. Көптеген ел 2050 жылға қарай ядролық энергияны үш есеге арттырмақ. Сондықтан ерте қамданғандар оның пайдасын көретіні анық.

Қазақстан әлемдегі уран нарығында өте маңызды рөл ойнайды. Келешекте бұл шикізат пен одан дайындалған өнімдерге сұраныс күрт артады, - дейді бельгиялық ғалым.

Хамид Айт Әбдеррахим, «Myrrha» халықаралық жобасының басшысы:

- Қазақстан әлемде уран өндіру бойынша бірінші орында. Ал 2050 жылға қарай дүниежүзінде атом энергиясына сұраныс үш есе өседі деген болжам бар. Яғни еліңіздің рөлі мен әлемдік атом энергетикасы үшін аз байытылған уран Банкін құру идеясының өзектілігі артады. 

Қазақстанның ядролық реакторларды, оның ішінде, жылдам нейтронды реакторларды пайдалану тәжірибесі бар. Сондықтан саладағы жетістіктерді жетілдіруге күш салу керек. Ол үшін осы бағыттағы ірі жобаларды дұрыс басқаруды үйрену маңызды. «Ал мұны өзге тараптармен бірлесе отырып дамыту тиімді», – дейді бельгиялық ғалым.

 

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов