Иракта аутист балаларға арналған тегін оңалту орталығы ашылды
Әлемде әр 100 баланың біреуінде аутизм кездеседі.
Деректерді бақылау жүйесінің соңғы үш жылдағы есебінде осылай делінген. Ал Иракта 20 мыңнан астам бала осы аурудан зардап шегіп отыр. Бірақ олардың психикалық денсаулығын реттейтін тегін орталық атымен жоқ. Сол себепті қос бірдей баласы осы дерттен зардап шеккен ирактық келіншек елде алғашқылардың бірі болып ақысыз оңалту орталығын ашты.
Шайма Гассанның жеткіншек ұлы мен бойжеткен қызы аутизмге шалдыққан. Оның балаларының дертіне дауа іздеп, бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Ал ел асып, емдетуге қалтасы көтермейді. Амалы құрыған Шайма аутизмді, оны емдеу жолын жылдар бойы зерттейді. Ақыры елде алғашқылардың бірі болып аутист балаларға арналған тегін орталықтың негізін қалады.
Шайма Гассан, Оңалту орталығының директоры:
- Мен аутизм жайлы ғаламторда тәжірибелі дәрігерлердің дәрісін тыңдап, көп білім алдым. Науқас балалармен қалай жұмыс жасау керектігі жөнінде онлайн курстар оқыдым. Үйренгенімді өз балаларыма тәжірибе ретінде жасап көрдім. Көп ұзамай, халықаралық сертификатқа ие болдым. Қазір міне, аутист балаларды дамытатын орталықтың негізін қаладым.
Шайма қазір жүздеген ерекше баланың ой-өрісін дамытып, көкжиегін кеңейтуге көмектесіп жүр. «Бұл реабилитациялық орталық өзі секілді тағдырлас ата-аналардың өмірдің қатал сынына мойымай, керісінше алға жылжуына мүмкіндік береді», дейді ол.
Шайма Гассан, Оңалту орталығының директоры:
- Иракта аутист балаларға арналған тегін орталық атымен жоқ. Тек Бағдад қаласында бір ақылы орын бар. Көп ата-ананың менің басымнан өткен жағдайды қайталағанын қаламадым. Өйткені білім беру ұйымдарында ешқандай нәтиже болмады. Ал жеке оқу орталықтарында баға тым қымбат. Әр балаға шамамен 300 доллар қажет. Бұған көбінің жағдайы келе бермейді.
Бұл жерде ерекше балаларға оңалту қызметі ұсынылады. Ал оқытушылар олардың қоғамдық ортаға ілесіп, оқу бағдарламасын меңгеруіне көмектеседі.
Майсара Мохамед, ата-ана:
- Мұнда қызымды алып келгелі бірнеше айда оң өзгерісті байқадым. Мамандардың көмегімен жұртпен қарым-қатынас орнату, сөйлесу сияқты қасиеттерді меңгеріп шықты. Науқас балалар үшін мұндай дамыту орталықтары олардың қоғамда өз орнын қалыптастыруына көмектеседі.
Қазір Ирактағы мыңдаған ата-ана Шайманың еңбегінің игілігін көріп отыр. Енді қайсар рухты ана әлеуметтік медиа платформа ашып, аутист балалармен жұмыс жасау бойынша өз тәжірибесімен бөлісуді жоспарлап отыр.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева