Боррель: Синвардың өлімі Таяу Шығыстағы атысты тоқтатуы мүмкін

ХАМАС қозғалысының жетекшісі Яхья Синвардың өлімі Таяу Шығыстағы қақтығысты тоқтатуға себеп болуы мүмкін. Еуроодақ дипломатиясының басшысы Джозеп Боррель Италияның Неаполь қаласындағы қорғаныс министрлерінің кездесуінде осылай деп мәлімдеді.

Боррель сондай-ақ БҰҰ-ның Ливандағы ЮНИФИЛ деп аталатын бітімгерлік күштері Израильдің шабуылына байланысты жаңа жасақпен күшейтілуі мүмкін екенін атап өтті.

Жозеп Боррель, ЕО дипломатиясының басшысы:

- Таяу Шығыстағы басты назар аударатын мәселе – Ливан. ХАМАС қозғалысының жетекшісі Яхья Синварды өлтіргеннен кейін атысты тоқтату мүмкіндігіне жол ашылды. Біз бұл мүмкіндікті кепілге алынған адамдарды босатып, аймақтағы жанжалды шешу үшін ұтымды пайдалануымыз керек. Алдымен қақтығысты тоқтату керек.