Бакуде жаһандық жылыну мәселелері қаралады
11-22 қараша аралығында Әзербайжанда жаһандық жылынуды қалыпқа келтіруге арналған СОР29 конференциясы өтеді.
Биыл 29-шы рет ұйымдастырылатын жиынға 50-ге тарта елден 80 мыңнан астам делегация қатысады. Маңызды басқосуда қандай мәселелер қаузалады?
COP29 – бұл әлем деңгейінде жыл сайын ұйымдастырылатын климаттық конференция. Саммитте БҰҰ-ның климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына қол қойған 200-ге жуық ел салалық стратегияны әзірлеу мәселелерін бірлесіп талқылайды. Атмосфераға таралатын зиянды қалдықтарды азайту жөнінде шешім қабылдайды. Мұндай басқосулар 1995 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Алғашқы іс-шара Берлинде, одан кейін Парижде өтті. Әр жылдардағы кездесулерде жаһандық климат мәселелеріне қатысты түрлі шешімдер қабылданып, ауа температурасын 1,5°C деңгейінде ұстап қалу мәселелері қозғалып, болжамдар жасалып отырады.
Петтери Таалас, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның бас хатшысы:
- Алдағы 5 жылда біз Париж келісімінің төменгі шегіне, яғни жаһандық температураны 1,5 градусқа төмендетуді көздеп отырмыз. Ал келесі бес жылда температура сол 1,5 градусты қалыпты ұстауға 40% мүмкіндік бар. Бұл тек болжам ғана.
Былтыр әлемде температура бұрын-соңды болмаған рекордқа жетіп, қалыпты деңгейден 1,48°C жоғары болды. Еуропалық Одақтың Климаттың өзгеруі жөніндегі Коперник қызметінің болжамына сәйкес, биыл көрсеткіш бұдан да жоғарылап орташа есеппен 1,55 С-тан асады. «Оның негізгі салдары – Эль-Ниньо құбылысы», - дейді мамандар.
Клэр Нуллис, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның өкілі:
- Парниктік газ ұстап тұрған жылуды күшейтеді. Мұның адамдардың әрекетінен пайда болатынын жақсы білеміз. Эль-Ниньо мен Ла-Нинья – табиғи құбылыс. Бірақ олардың да туындауына адам әрекетінен пайда болған климаттық өзгерістер ықпал етіп отырғаны анық.
Жер шарына төнген қауіптің алдын алуда СОР конференциясының маңызы зор. Ал оның көрші елде өтуі Әзербайжанның халықаралық мәртебесін арттыра түседі. Жаңа дипломатиялық және экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл ел жаңартылатын энергия көздерін өндіру ісінде көшбасшы мемлекеттің бірі. Баку 2026 жылға қарай оның үлесін 24%-ға жеткізуді межеге қойған. Алдағы 6 жылда парниктік газ қалдықтарын 35%, ал 2050 жылға қарай 40%-ға қысқартуды жоспарлап отыр. Алдағы басқосуда мәселені шешуге бағытталған тұрақты инвестицияларды реттеу үшін келіскен стандарттар жиынтығы ұсынылмақшы.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева