Қытайда «Мектепке дейінгі білім беру туралы» заң қабылданады
Өткен жұмада Қытай билігі балабақша жасындағы балалардың құқы мен мүддесін қорғау үшін мектепке дейінгі білім беру туралы заң қабылдауға шешім шығарды.
Құжат келер жылдың 1 маусымында күшіне енеді. 9 тарау, 85 баптан тұратын заңда мектепке дейінгі білім беру қызметін мемлекеттік мекемеге біржолата ауыстыру, елді мекендерге тегін қызмет ұсыну мен балабақша санын арттыруға басымдық берілген. Өйткені көрші елде бала туу көрсеткіші артқан, соған сай мектеп жасына дейінгі бала саны едәуір ұлғайып отыр. Жергілікті білім министрлігінің соңғы дерегіне сәйкес, былтыр Қытай балабақшаларына шамамен 41 млн бала қабылданған. Бұл – барлық 6 жасқа дейінгі баланың 91,1%.
Лян Хуйцзюань, Яньцзинь педагогикалық университетінің мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысы:
- Бұл заң отбасындағы бала күтімі шығындарын тиімді азайтуға көмектеседі. Ата-аналардың қалтасына салмақ салмайды. Сондай-ақ әр баланың әділ және сапалы білім алуына, жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.
Білімді Анадан, қабілетті бала туады. Юнисеф ұйымының кейінгі дерегі білімі я кәсібі жоқ анадан туған балаға қарағанда көзі ашық, сауатты отбасыда дүниеге келген баланың балабақшамен қамтылу деңгейі шамамен 5 есе жоғары болатынын көрсетті. Ананың білім деңгейінен бөлек, отбасының әл-ауқаты, қоныстанған жері – баланың мектепке дейінгі мекемеге барып-бармауын анықтайтын негізгі факторлардың бірі.
Ал жоқшылықтан жанары жәудіреген балғындардың балабақша табалдырығын аттау жәй арман ғана. Бұған кейінгі деректер де дәлел. Өйткені табысы төмен елдерде әр бес баланың біреуі ғана мектепалды даярлық ұйымымен қамтылады екен. Бұл, түптеп келгенде, қаржы, мұнан соң инфрақұрылым тапшылығымен байланысты. Мұнан бөлек, табиғи апаттар мен қақтығыстардан зардап шеккен елдерде 66 пайыз балаға балабақша қызметі қолжетімсіз.
Генриетта Фор, ЮНИСЕФ атқарушы директоры:
- Мектепке дейінгі білім беру – балалардың таным көкжиегін кеңейтіп, білім іргетасын қалайтын орын. Алайда жер шарында тым көп бала балабақшамен қамтылу мүмкіндігінен айырылған. Бұл оларды құрдастарының көлеңкесінде қалып қоюына итермелейді.
Германияда балабақша құны ата-ананың жалақасына қарай есептеледі
Дамыған елдерде баланың дамуына жан-жақты мүмкіндік бар. Мәселен, Германияда ата-аналар әр балаға кәмелет жасына толғанға дейін ай сайын шамамен 250 еуро әлеуметтік жәрдемақы алады. Олар бұл қаражатты баланы балабақшамен қамтуға жұмсайды. Өйткені мұнда оларды бұл жерге орналастыру ұзақ мерзімді, сабыр мен төзімді қажет етеді. Сол себепті олар сәби дүниеге келмей жатып, тізімге тізіп қояды екен. Ал балабақша құны ата-ананың айлық табысына қарай есептеледі.
Жапония балабақшалары кішкентайды тазалыққа үйретеді
Тазалық – балабақшадан басталады. Жапонияның білім беру жүйесі баланы жастайынан артын тап-тұйнақтай жинап, таза ұстауды үйретуге басымдық береді. Бұл мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының күнделікті дәстүрі. Елдегі ережеге сәйкес, баланы мектепалды даярлықтан өткізу міндетті емес. Дей тұрғанмен, жапондардың 90 пайызы баласын балабақшаға жібереді. Ал оның ақысын үкімет төлейді.
Норвегия балабақшаларында балаға ыстық тамақ берілмейді
Білім беру ісінде көп елден көш ілгері Норвегия, балабақша қызметіне келгенде көп адым артта қалған. Ата-аналардың дауына да қалған. Өйткені мұндағы мектепке дейінгі ұйымдар балаға тамақты аз мөлшерде, кейде тіпті мүлде ұсынбайды. Өйткені ел үкіметі тамақтану саясатында тағам қалдығын азайту, өсімдік тектес тағамды көбірек қолдануға аса мән береді. Тіпті біраз мекемеде ас дайындайтын арнайы маман жоқ, сондықтан тәрбиешілер дайындаған жеңіл тағамдарды ұсынады. Бұған көңілі толмайтын ата-ана балаға ыстық тамақты өзі дайындап әкеледі. Айта кетейін, балалардың 97%-ы балабақшада тәрбиеленеді.
Дубайда балаға тағамды әкелуге ата-ана міндетті
Біріккен Араб Әмірліктерінде де балабақшада балаларға түскі ас берілмейді. Оның орнына, біраз мекеме ата-анадан тағамды өздерінің әкелуін талап етеді. Оның өзінде зиянсыз, тек пайдалы тағамды ғана әкелуге рұқсат етеді. Өйткені тамақтандыру балабақшаның негізгі міндетіне кірмейді.
Америкада балабақша шығыны тым жоғары
Алпауыт АҚШ-тың өзінде балалардың мектепке дейінгі біліммен қамтылу деңгейі өте төмен. Сарапшылар мұны биліктің балабақшаны қаржылай қолдауының шектелуімен, сондай-ақ қызмет ақысының тым қымбат болуымен байланыстырады. 3 жасар баланың тек 39%-ы, 4 жастағылардың 68%-ы ғана мектепке дейінгі білім алады.
Көп жағдайда баланың танымдық қабілеті мен балалық шағы балабақшаға байланысты. Өкінішке қарай, кей елдер бақшаны тәлім орны емес, кәсіп көзі ретінде қарастырады.