Сириядағы азаматтық соғысқа биыл 13 жыл толып отыр

Қарулы қақтығыс елді орны толмас адам шығыны мен гуманитарлық апатқа әкелді.

Миллиондаған тұрғын жан-жаққа бас сауғалап кетті. Ал былтырғы алапат жер сілкінісі жығылған үстіне жұдырық болып, мыңдаған адам зардап шекті. 

2011 жылғы Сириядағы азамат соғысы бұрын-соңды болмаған гуманитарлық дағдарысқа әкелді. Жарты миллионға жуық адам қайтыс болды, 5 жарым млн азамат үйлерін тастап, бас сауғалап кетті. Олардың дені Түркияға қоныстанды. Ресми дерек бойынша бұл елге 3 млн 750 мыңға жуық сириялық барған. Басқалары көршілес мемлекеттерге атап айтқанда Мысыр, Ливан және Иракқа ауды. Ал Еуропа елдерінің ішінде Германия 280 мың сириялықты қабылдады. Қазірде 16 миллионнан астам сириялық гуманитарлық көмекке мұқтаж. Бұл жергілікті халықтың жартысынан көбі. Олардың саны жыл сайын артып келеді. Ай сайын араб елінің 4,5 млн азаматы ғана көмек алады. Ал, биыл сириялықтар сұраған соманың тек төрттен бір бөлігі ғана бөлінген.

Паулу Пинхейро, БҰҰ-ның Сириядағы оқиғаларды тергеу жөніндегі халықаралық комиссиясының төрағасы:

- Қазір Сирия халқының 90%-дан астамы кедей. Санкциялардың күшеюінен экономика құлдырап кетті. Қарулы күштер мен полиция тарапынан заңсыздық пен бопсалау белең алды.

Соғыстан тоз-тозы шыққан халықтың жағдайын, былтырғы зілзала одан сайын ушықтырды. Апат салдарынан 8,5 мыңға жуық адам опат болып, 5 млн адам зардап шекті. Магнитудасы 6,7 баллдық жер сілкінісінен мыңдаған үй мен ғимарат қирап қалды. Ал, оны қайта қалпына келтіруге, мемлекеттік қазынада қаражат аз.

Мартин Гриффитс, БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі бұрынғы орынбасары:

- Сириядағы жер сілкінісіне бір жыл өтсе де мыңдаған отбасы табиғи апат зардаптарынан әлі айыққан жоқ. Зілзаладан көп адам опат болды. Қираған инфрақұрылымда есеп жоқ. Бұл бүтін ел үшін өте ауыр соққы болды.

Таяу Шығыстағы қақтығыс зардабы

Қазірде Сирия Таяу Шығыстағы Газа секторы мен Ливандағы қақтығыстардың зардабын көріп отыр. Себебі Ливанның "Хезболла" қозғалысының мүшелерін жоюды көздеген Израиль әскері көрші мемлекеттердегі ұйымның әскери нысандарына дамылсыз шабуыл жасап жатыр. Бірер апта бұрын Израиль Сирияның Хомс және Эль-Кусайр қалаларын әуе зымырандармен атқылады. Бірақ елдегі саяси тұрақсыздық пен гуманитарлық апатқа қарамастан Сирия үкіметі Ливаннан қашып келгендерді қабылдауды тоқтатқан жоқ.

 

Авторы: Фариза Жанғанаева