Биткоин құны 90 мың АҚШ долларына жуықтады
Кейінгі күндері криптовалюталар кұны айтарлықтай өсті, деп хабарлайды 24kz.
Тіпті әлемдегі ең танымал биткоин құны 90 мың АҚШ долларына жуықтады. Бұған не себеп?
Криптовалюта, алтын, күміс сияқты бағалы металдардың қымбаттауының бірнеше себебі бар.
Қаржы алпауыттары жаңа нарықтарды дамытуға мүдделі
Жаһан назары криптовалюта нарығына ауып тұр. Өткен аптадан бері биткоин бағасы қарыштап өсіп келеді. Бұл өсім АҚШ-тағы президент сайлауынан кейін басталды. Дональд Трамптың жеңіске жетуі биткоинның қымбаттауына жол ашты. Екінші мәрте Құрама штаттар тізгінін қолға алған Трамп сайлау алдында криптобизнесті қолдауға, америкалық майнинг компанияларды дамытуға күш салатынын мәлімдеген еді. Сөйтіп, 5 қарашада 68 мың долларға бағаланған бір биткоинның құны кеше 89 мың доллардан асты. Сарапшылардың айтуынша, криптонарық сенімді алаңдардың біріне айналып келеді. Себебі инвесторлар геосаяси ахуал ушығып тұрған қазіргі сәтте мұнай, газ, көмір сынды дәстүрлі нарықтарға қомақты қаржы құюға қорқақтап отыр.
Сапарбай Жобаев, экономист:
- Неге алтынның және биткоиндардың бағасы өсіп кетіп жатыр? Мынау әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуі үлкен инвесторларды мынау өндірістен гөрі, мұнайдан гөрі басқа бір, алтын сияқты, күміс, платина, биткоин сияқты басқа бір қаржы құралдарына ақша салуға мүдделейді. Сондықтан бүгінгі күнде биткоинның бағасының 82-88 мың болуының себебі де осы. Алтынның бір унциясы – 31,1 грамы 2700-ден асып кетті. Осы доллар да бұдан былай қуаттана береді.
Сарапшы: мұнай арзандамайды
Сарапшының айтуынша, доллардың қымбаттауы немесе арзандауы АҚШ-тың алдағы қадамдарына байланысты болмақ. «Жаңадан сайланған Президент сыртқы саясаттан бұрын ішкі әлеуетті нығайтуға күш салады», - дейді экономист. Бүгінде алғашқы жұмыстарды қолға алып үлгерді. Мәселен, әлеуметтік бағдарламаларды қысқартпақ. Яғни, Мексика сияқты жақын маңдағы елдерден келетін мигранттарды азайтуға күш салмақ. Осылайша, оларға бөлінетін қаржыны үнемдеп, артылған ақшаны өндірісті күшейтуге жұмсауды жоспарлап отыр. Демек, АҚШ экономикасы күшейсе, доллардың да халықаралық аренадағы рөлі нығаяды деген сөз. Яғни, АҚШ жаңа нарықтарды дамыту арқылы экономикасы мұнайға, газға байланған елдерден күш-қуатын асыруды көздеп отыр. Мұнай бағасының құбылуы біздің ел экономикасы үшін де маңызды екені сөзсіз. Сарапшыны тыңдайық.
Сапарбай Жобаев, экономист:
- Мұнайдың бағасы біз күткендей барреліне 90 доллар деп күтіп жүрген едік. Бүгінгі күнде 72-74-ке түсті. Меніңше, осы қалыпта тұрады. Неге? Себебі, Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы шиеленістер, Венесуэла мен Америка арасындағы шиеленістер, Ресейдің Еуропаға мұнайын сатпауы бұл бағаны жоғары дәрежеде ұстап тұрады деген сөз. Бірақ Ресейдің мұнайын 60 долларға түсіріп, Ресей экономикасына санкция салынғаны осы нарықта арзан мұнайдың көп екенін білдіреді.
Шетелдік валютаға сұраныс азайды
Доллар демекші, биылғы жылдың 3-ші тоқсанында елде долларға сұраныс азайды. Мәселен, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда долларды жеке тұлғалардан сатып алу көлемі 14%-ке төмендеді. Ал сату көлемі 6%-ке кем. Сондай-ақ еуроға да халық тарапынан қызығушылық төмендегені байқалды. Яғни, былтырмен салыстырғанда халықтың валюта айырбастау пунктеріне еуро өткізу дерегі 11% өсіп, ал сатып алу мөлшері 25% кеміп отыр. Ресей рубліне келсек, бұл жерде де тұрғындардың рубльді сатып алу көрсеткіші 3% азайды. Керісінше, айырбастау пунктеріне сату деңгейі 14% ұлғайды.
Сөз соңында валюта бағамы туралы. Бүгін доллар сәл қымбаттап, құны 495 теңгегі жуықтады. Ал еуро 525 теңге 49 тиынға бағаланып отыр. Ал Ресей рублі мен Қытай юанінің құнында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Рубль құны 5 теңге 5 тиын сомасында тұрақтаса, юань бағасы 68 теңгеден асты.