Әлемде мектеп асханаларындағы тамақтың жартысы қоқысқа тасталады

Әлемде мектеп асханаларындағы тамақтың жартысы қоқысқа тасталады

Әлемде мектеп асханаларындағы тамақтың шамамен жартысы қоқысқа тасталады. Ысыраптан бөлек, онда антисанитария, ас мәзірінің дұрыс құрылмауы секілді проблемалар да бар, деп хабарлайды 24kz.

Финляндия мектептеріндегі тамақтану үздіктердің бірі саналады. Жасына сай баланың энергетикалық қажеттілігінің үштен бірін қамтамасыз етеді. Ол бойынша қаныққан майлардың үлесі 10%-тен аспауы тиіс. Бұл Финляндияның Ұлттық денсаулық және әл-ауқат институты ғалымдарының ұсынымына сәйкес келеді. Ас мәзіріне міндетті түрде ет, көкөніс, қара бидайдан пісірілген нан, майсыз сүт не су кіреді. Мұндай түскі астың құны шамамен 1 еуро. Бірақ бұл ақшаға жұмысшылардың еңбегі және логистикаға кеткен шығындар кірмейді. Логистика демекші, елде шалғайдағы мектептерге азық-түлік жеткізу бойынша қиындықтар бар. Сосын білім беру мекемелерінің асханаларында тамақтың 15%-і қоқысқа тасталып, ысырап болып жатады.

 

АҚШ мектептеріндегі ас мәзіріне қатысты сын көп

АҚШ мектептерінде де тамақ артылып, жылына бір жарым млн тоннадан астам азық-түлік қоқысқа тасталады. Сосын мамандар америкалық оқушылардың ас мәзіріне қатысты көп сын айтып жатады. Өйткені онда қайта өңделген азық-түлік, фаст-фуд көп те, көкөніс пен жеміс-жидек аз. Содан балалар арасында семіздік пен жүрек-қан тамырлары аурулары кеңінен тараған.

 

Үндістандағы мектеп асханаларының тазалығы сын көтермейді

Үндістанда мектептегі тамақтануды жақсарту бойынша мемлекеттік бағдарлама қарастырылған. Бірақ соның өзінде сарапшылар жергілікті балалардың толыққанды тамақтанбайтынын айтады. Сосын білім беру мекемелерінің тазалығы сын көтермейді. Өйткені азық-түлік қауіпсіздігі талаптары дұрыс сақталмайды. Оның үстіне мамандар тапшылығы мәселесі тағы бар. 2013 жылы елдің шығысындағы Бихар штатында мектептегі тамақтан балалар уланып, 23 оқушы қайтыс болған.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Тамерлан Ким