Астанада Шәмші әндерінің халықаралық фестивалі өтті
Алматы облысында зағип балаларға арналған әдеби кітап жарық көрді.
Брайль қарпінде басылған жинаққа қолынан қаламы түспеген 22 қазақ ақын-жазушысының 30 әңгімесі мен өлеңі енді. Жоба авторы Мақпал Мысаның айтуынша, әлемді саусақ ұшымен танитын балалар үшін «Айналайын» кітабы ерекше сыйлық болмақ. Себебі елде брайль қарпінде басылған қазақ тіліндегі кітаптар жоқтың қасы. «Аталған жинақ балалардың көркем ойлау қабілетін шыңдап, бедерлі қаріпті оқу дағдысын дамытуға, сол арқылы рухани-танымдық білімін арттыруға көмектеседі», – дейді жоба авторы. Мың данамен жарық көрген кітап барлық өңірдегі зағип балалар мектептеріне, арнайы ұйымдар мен кітапханаларға тегін таратылады.
Мақпал Мыса, «Білте» қоғамдық қорының президенті:
- Біздің елімізде арнайы типография жоқ, өздеріңіз білесіздер. Сондықтан бұл кітапты біз Түркия мемлекеті арқылы шығарып келдік. Бірінші жұмысымыздың басы, ізгілікті іс әлі жалғасады. Елімізде жалпы методикалық, әдеби-танымдық кітаптар жоқ, қазақ тілінде кітаптар жоқ, дегенмен жақсылықтың жаңа бастамасы деп қабылдап отырмыз.
Шәмші әндерінің халықаралық фестивалі өтті
«Менің Қазақстаным». Астанада осындай атаумен Шәмші Қалдаяқов әндерінің халықаралық фестивалі өтті. Оған шетелдерден де өнерпаздар жиналды. Атап айтсақ, Қырғызстан, Әзербайжан, Украинадан арнайы опера майталмандары ат басын бұрды. Олар кеш бойы вальс королінің танымал туындыларын қазақ тілінде шырқады. Сондай-ақ «Қазақконцерт» солистерімен бірге ән айтып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Концертте біртуар тұлғаның ұлы, мәдениет саласының үздігі Мұхтар Қалдаяқов дирижерлік етті. «Басты мақсат – ұлы сазгердің шығармашылығын жан-жақты насихаттап, дарынды жастарға қолдау көрсету», – дейді ұйымдастырушылар.++
Ксения Бахритдинова-Кравчук, қатысушы:
- Мен Шәмшінің өнерінімен осы фестивальға дайындық кезінде таныстым. Оның әндері сырлы, адамды баурап әкетеді. Бірнеше шығармасын арнайылап тыңдап шықтым. Оған қоса Шәмші секілді дарын дүниеге келген сіздің елде, қазақ халқының алдында ән шырқаймыз. Бұл – үлкен жауапкершілік. Сондықтан қатты қобалжып тұрмын.
Ерлан Рысқали, дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Бұл фестиваль халықаралық деңгейде бірінші рет болып тұр. Арнайы соған мән беріп, мына Шәмшінің әндерін тарату мақсатында көптеген елде сол кісінің шығармаларын бердік, соның ішінде таңдап, дайынын алып жатырмыз. Шәмшінің бір әні болса да, елге танымал өнерпаздардың қоржынына ену арқылы сол елге тарайды.