Әлемде балық өндірісі 1% артқан

Әлемде балық өндірісі 1% артқан

Ал әлем бойынша балық өндірісі бір пайызға артып, 186 млн тоннаға жеткен, деп хабарлайды 24kz.

Соның шамамен үштен бірі Қытайдың үлесінде. Бұл мемлекет бүгінде әлемдік көшбасшысы саналады. Өз кезегінде Норвегия ақсерке өндіруден алда келеді.

Қытай жыл сайын 68 млн тоннадан астам балық аулайды. Бұл әлемдік балық аулау көлемінің шамамен 35%-ін құрайды. Қытай балыққа бай мемлекеттердің бірі саналады. Елге қарасты су айдындарында скумбрия, анчоус пен кальмар секілді теңіз жануарларының көптеген түрі кездеседі.

Сонымен қатар Қытай – балық өсіру саласында да әлемдегі көшбасшылардың бірі. Дүниежүзі бойынша өсірілетін балықтың 60%-і көрші мемлекетке тиесілі. Бұған жергілікті тоғандар мен теңіз жағасында орналасқан фермалардың жақсы дамуы себеп. Мәселен, қытайлық шаруалар бір су қоймасында моллюскілер, балдырлар және балықтарды өсіре алады. «Соның арқасында судың сапасы да, өнімділік те жақсара түседі», - дейді олар. Ұлттық статистика бюросының есебі бойынша бүгінде бұл сала 450 млрд долларға бағаланады.

 

Индонезия тунец аулаудан әлемде көш бастайды

Ал, Индонезия тунец аулаудан әлемде көш бастайды. Дүниежүзі бойынша ауланатын осы бір балық түрінің 15%-і осы елдің үлесінде. Бұған мемлекеттің георграфиялық тұрғыдан сәтті орналасуы себеп. Соның арқасында жыл сайын кәдімгідей табысқа кенеледі. Себебі аталған теңіз жануары АҚШ пен Еуропа елдеріне көптеп экспортталады. Бұдан бөлек, жергілікті жұртты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Қолда бар мәлімет бойынша бүгін бұл салада ондаған мың еңбек етеді.

 

Норвегия жылына 1,5 млн тоннадан астам ақсерке өндіреді

Кәрі құрлық елдері арасында балық шаруашылығы Норвегияда жақсы дамыған. Әсіресе, ақсерке балық өндіруден. Оны экспорттау жағынан көшбасшылар қатарында саналады. Бір таңқаларлығы, норвегиялық шаруалар балықты инновациялық технологиялардың көмегімен өсіруге көшкен. Дәлірек айтқанда, балықты қоректендіру ісінде автоматтандырылған жүйелер қолданылады. Ал олардың денсаулығын арнайы дрондар бақылайды. Қоршаған ортаны ластамау үшін судың сапасын да ұшқышсыз аппараттар қадағалайды екен. Соның арқасында 20 сантиметрлік шабақ 1,5 жылда салмағы 5 келі болатын балыққа айналады екен. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Норвегия 1,5 млн тоннадан астам ақсерке өндірген.

 

Жапонияда балық шаруашылығы құлдырап барады

Жапонияда балық шаруашылығы саласы тоқырап барады. Бір кездері Күншығыс елі бұл салада әлемдегі жетекші мемлекеттердің бірі болған еді. Бірақ 2000 жылдардан бастап жағдай күрт өзгере бастады. Мәселен, XXI ғасырдың басында жапон жерінде жыл сайын 6,5 млн тонна балық ауланса, былтыр бұл көрсеткіш 3 млн 700 мың тонна шамасында ғана болған. «Бұған салада дұрыс реттеудің болмауы себеп», - дейді мамандар. Бұдан бөлек, ел билігі қайтадан кит аулауға рұқсат берген. Ел билігі кит аулау жөніндегі халықаралық комиссия құрамынан да шығып кеткен.