Үндістан астанасын түтін торлап тұр

Үндістан астанасында тыныстау қиын. Алып шаһарды түтін торлап, жүріс-тұрыс қиындады. Тіпті әуежайдағы рейстердің 88%-і уақытынан кешіккен.

Нью-Дели әлемдегі ең ластанған астаналардың біріне айналды. Мұнда ауадағы зиянды қалдықтар құрамы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгілеген көрсеткіштен 120 есе асып түсті. Мегаполис тұрғындары қазір түрлі дертке шалдығып, денсаулықтары сыр бере бастаған. 

Мумбайдан Нью-Делиге оралған 24 жастағы Амиша Мунджал улы түтіннің әсерінен аллергияға тап болып, денсаулығының күрт нашарлағанын сезген.  Жалғыз Амиша емес, қала ауруханаларында тыныс алу мен ас қорыту жүйесіне қатысты шағым айтқан науқастар саны айтарлықтай артып келеді.  Сондай-ақ жасөспірімдер арасында аллергия, жөтел, суық тию және демікпе сияқты ауру түрлері де күрт көбейген.

Амиша Мунджал, жергілікті тұрғын:

- Мен Мумбайда бірнеше жыл тұрдым. Онда өзімнің тұрақты жұмысым болды, өмірім бірқалыпты жүріп жатты. Бірақ кейін ата-анамның қасына Нью-Дели қаласына көшуге шешім қабылдадым. Көшіп барғанымнан кейін дәрігерге тексерілуге барғанымда бас қалаға қайта оралмауым керектігін айтты. Себебі ауаның ластануы мен аллергия маусымы жағдайды тым ауырлатып жіберген. Шынын айтқанда, таза ауамен тыныстау мүмкін емес. Ең өкініштісі, туған жерімнен тек ауаның ластануына байланысты кетуге тура келді.

IQAir мониторингтік компаниясының мәліметтері бойынша ауадағы зиянды бөлшектердің концентрациясы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгілеген мөлшерден 120 есе жоғары болған. Қою түтінге басты себеп фермерлердің егін алқаптарын өңдеу кезінде сабан өртеуі және зауыттар мен көліктерден шығатын улы газдар көрінеді.

Муниш Танеджа, лор-дәрігер:

- Әр жылдың белгілі бір кезеңінде Нью-Делиде осындай жағдайлар жиі кездесіп тұрады. Қалаға келген әрбір адамның аллергиясы өршіп, денесінде  ауырсынулар пайда болады. Осыған байланысты көпшілікке кеңесім: қаладан шығып, таза әрі ластанбаған аймақтарда барынша көп уақыт өткізген жөн.

Түтіннің әсерінен Солтүстік Үндістанның көптеген аймақтарында ауқымды мәселелер туындады. Үкімет қажетсіз құрылыс жұмыстарын тоқтатып, тұрғындарды қоғамдық көлікті пайдалануға және үйді көмірмен жылытуды тоқтатуға шақырды. Десе де бұл шаралардың қанша уақытқа созылары әзірге  беймәлім.

Авторы: Динара Орынтай.