Иран билігі ел астанасын ауыстыру жоспарын орындауға кірісті
Иран билігі ел астанасын Тегераннан Парсы шығанағының жағалауына ауыстыру туралы жоспарды орындауға кірісті. Қазір шаһарда 14 миллионнан аса адам тұрып жатыр. Ол әлемде халқы ең көп шоғырланған қаланың біріне жатады.
Адамның көптігінен бөлек, экологиялық жағдайы да мәз емес. Зілзала қаупі де жоғары. Оған су тапшылығын қосыңыз. Таулы аймақта орналасқандықтан, жаңа инфрақұрылым нысандарын салу оңай емес. Осының бәрін ескере келе, билік Иран астанасын басқа жаққа көшіруді ұйғарған. Бұл мәселе 2003 жылы болған алапат жер сілкінісінен кейін қызу талқыланып келеді. Бірақ экономикалық қиындықтарға байланысты оны іске асыру мүмкін болмай отыр. Сарапшылар ел бюджеті мұндай ауқымды жобаны орындауға жетпейтінін айтады. Билік Тегеранның тозығы жеткен инфрақұрылымдарын қалпына келтіргені дұрыс дейді.