Өзбекстан үкіметі қайта жасақталып жатыр

Өзбекстанда үкімет құрамы қайта жасақталып жатыр.

Таяуда ғана конституциялық нормаға сай отставкаға жіберілген премьер- министрдің лауазымына Абдулла Арипов тағайындалды. Оның кандидатурасын Олий Мәжілісте ел президенті Шавкат Мирзиёев ұсынды. Депутаттар ұсынысты бірауыздан мақұлдады. Енді алдағы күндері үкімет құрамына енетін басқа да лауазымды тұлғалардың есімдері белгілі болады. Айта кетейік, іргелес ел 2030 жылға қарай ішкі жалпы өнім көлемін 200 млрд долларға жеткізуге ниетті. Қазіргі көрсеткіш 100 миллиардтан асқан, Сондықтан жаңадан жасақталатын үкімет алдында өзбекстандық өнім өндірісін ұлғайту, экспортты еселеу міндеті тұр. Тағы бір маңызды қадам ретінде Орталық Азиядағы тату көршілік қарым-қатынасты нығайту қажеттігі айтылды. Осы бағытта ел президенті Қазақстан мен Өзбекстан шекарасынан жеке куәлікпен өту тәртібі қарастырылып жатқанын мәлімдеді.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:

- Біз бұған дейін 2030 жылға қарай жалпы ішкі өнім көлемін 160 млрд долларға жеткізу жөнінде мақсат қойған едік. Бірлескен күш-жігердің арқасында экономиканы дамытуға бағытталған барлық іс-шаралар нәтижелі орындалып, биылдың өзінде көрсеткіш 110 миллиардқа жетіп, оң жағдай қалыптасып отыр. Жаңадан жасақталған үкімет екпінді бәсеңдетпей, экономикалық және саяси реформаларды жедел жүзеге асыруды жалғастырса, 2030 жылы біздің жалпы ішкі өнімі 200 миллиардқа тең болады. Мен бұған толық сенімдімін.