Солтүстік жартышардағы елдерде күндізгі жарық қанша уақытқа созылады?

Бүгінде Астанада күндізгі жарықтың ұзақтығы 8 сағат 36 минутқа созылады, деп хабарлайды 24kz.

Бұл – күннің шыққан және батқан уақыт аралығын есептейтін онлайн-қызмет мәліметі. Яғни, күн шамамен таңғы 7 сағат 40 минутта шығады және кешкі 16 сағат 18 минутта батады. Солтүстік жартышардағы басқа елдердің астаналарындағы жағдай қандай?

Ернат Рахметолла, тілші:

- Исландия астанасы Рейкьявик сияқты күндізгі жарық 6 сағатқа толмайтын полярлы ендіктегі қалаларды есептемегенде, Норвегияның Ослосы мен Финляндияның Хельсинкиінде күндізгі уақыт шамамен 7 сағатқа созылады. Швецияның Стокгольмі мен Эстонияның Таллинінде 7 сағат 12 минутқа жуықтайды.

Ресей мен Латвияның бас қалаларында 7 сағат 50 минут күн жарық болады. Мәскеуде күн 8:20-да шықса, кеш 4-тен кейін түседі. Бұл қала жағрафиялық ұзақтық бойынша плюс 3 сағат белдеуінде орналасқан.

Литваның Вильнюсі, Беларустің Минскісі мен Ирландияның Дублинінде күндізгі жарық 8 сағатқа созылады. Ал Берлин, Лондон мен Варшавада Астанадағы сияқты шамамен 8 жарым сағат күндіз болады.

Париж, Будапешт пен Бернде күндізгі жарық 9 сағатқа созылады. Италия мен Өзбекстанның астаналарында жарты сағатқа ұзақтау. Мұның себебі – Рим мен Ташкент экваторға жақын орналасқан.

Яғни, күнгейге жақын болған сайын жарық молаяды.

Авторы: Ернат Рахметолла