Конгода көлдегі қоқыстан су электр стансысы істемей қалды

Конгоның шығысында пластик қалдықтар Рузизи гидроэлектр станциясының су қоймасын ластап жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Бұл жағдай электр қуатының жиі үзілуіне, сондай-ақ кәсіпорындар жұмысына кедергі келтірді. Қоқыс өзендер арқылы Киву көліне ағып келіп, су айдынын басып қалған. Бұл тазарту жұмыстарын қиындатып, экологиялық ахуалды ушықтыра түсті.

Рузизи бөгеті Киву көлінің оңтүстік шетінде орналасқан. Көлге төгілген қоқыс 14 метр тереңдікке жетіп, су электр стансысының жұмысын қиындатып отыр. Су қоймасының қызметкерлері күн сайын плотинаның түбін тазалап әлек. Алайда бұл шаралар нәтиже бермей жатыр. Себебі қалдықтар ағыны тоқтаусыз жалғасып жатыр.

Льови Мулемангабо, SNEL электр энергетикалық компаниясының басшысы:

- Бұл қалдықтар су ағысын іс жүзінде тоқтатады. Турбиналардың жұмыс істеуі үшін қажетті қысымды ұстап тұру қиынға соғады. Ал тазалау жұмыстарын жүргізу мақсатында техниканы тоқтатсақ, электр энергиясын жеткізу жүйесінде ақаулар пайда бола бастайды.

Жергілікті кәсіпорындар энергиямен қамтамасыз етудегі жиі үзілістерден орасан зор зардап шегіп жатыр. Тазалау жұмыстарына қарамастан бөгет маңындағы қоқыс мәселесі әлі де шешімін таппаған. Осы орайда жұмысшылар өз міндеттерін орындауға мүмкіндіктері жоқ екенін айтып, өндірістік процестердің баяулап бара жатқанын атап өтті.

Алекс Мбилизи, металл өңдеуші:

- Біздің зауытта жарық жиі өшіп, дәнекерлеу жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіреді. Осыған байланысты басшылық тарапынан қысым көрсетіледі. Электр қуатының мәселесі пластик бөтелкелерден туындап жатқанын айтады. Бірақ, өкінішке қарай, біз оны шешудің жолын білмейміз.

Қоршаған орта және жасыл экономика министрі Дидье Каби, Букаву тұрғындарын қалдықтарды реттеу бағдарламасына белсенді қатысуға  шақырды. Оның пікірінше, бұл бастама  ластануды азайтып, жағдайды жақсартуға ықпал етеді.

Дидье Каби, Қоршаған орта және жасыл экономика министрі:

- Букаву қаласындағы әрбір үй шаруашылығынан қалдықтарды сұрыптау жүйесіне қосылуды талап ету тиімді тәсіл болмақ. Осылайша, біз қалдықтарды жинау және қайта өңдеу орындарына тасымалдау сапасын анықтап, тиімділігін жан-жақты бағалай аламыз.

Аймақта экологиялық ахуал әлі де өзекті. Жергілікті билік экологиялық жағдайды тұрақтандыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында кешенді әрі тиімді тәсілдерді енгізудің маңыздылығын ерекше атап өтіп отыр. Мұндай шаралар қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге және экологиялық сананы дамытуға бағытталған.

Авторы: Динара Орынтай.