Ливаннан 7000-нан аса жүкті әйел Сирияға қоныс аударды
Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыс шиеленісіп, Ливаннан Сирияға 500 мыңнан астам адам босып кетті. Олардың шамамен 1,5%-і жүкті әйел, деп хабарлайды 24kz.
Барлық науқастарға уақытылы медициналық көмек көрсету үшін Сирия билігі шекаралық өткізу бекеттеріндегі медициналық орталықтарда палата санын арттырған.
Алайда босқындардың көптігіне байланысты дәрі-дәрмек пен маман жетіспей жатыр.
«Әль-Арида» шекаралық өткізу алаңында медициналық орталық күн сайын Ливаннан келген мыңдаған босқынды қабылдайды. Израиль әскери күштерінің үздіксіз шабуылдарына байланысты көпшілік үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Олардың арасында жүкті әйелдер де бар. Осындай қиын жағдайға тап болғандардың бірі – Сухейр Сахили.
Сухейр Сахили:
- Үнемі бір орыннан екінші орынға көшіп жүргенге әлі де үйрене алмай жатырмыз. Ол біраз уақытты талап етеді. Медициналық орталыққа келгенде қажетті тексерулерден өттім. Бірақ дәрі-дәрмек жетіспейтіні туралы ескертті. Қазірдің өзінде көмек күтуге мәжбүрміз, ал өзіміз ештеңе істей алмаймыз.
Ливандағы қақтығыстың өршуіне байланысты қиын жағдайда қалған жүкті әйелдердің саны 11500-ден асты. Жергілікті тұрғындар үйлерін тастап, ұзақ уақыт бойы уақытша паналау орындарында жасырынуға мәжбүр. Біріккен ұлттар ұйымының Халықты қоныстандыру қорының өкілі Мюриэль Мафико медициналық көмек алу үшін қаржылай мүмкіндіктің жоқтығын хабарлады.
Мюриэль Мафико, БҰҰ Халықты қоныстандыру қорының өкілі:
- Ливаннан Сирияға келген босқындардың басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Қазіргі уақытта Сирияда 7 мыңнан астам жүкті босқын әйел бар. Келесі айда шамамен 800 әйелді босандыруға дайын болуымыз керек. Қазір олар барлық қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етілген.
Біріккен ұлттар ұйымының хабарлауынша, Ливаннан Сирияға қашқан адамдар саны жарты млн-нан асып кеткен. Сирия билігінің мәліметі бойынша тек бір күнде Ливаннан 4500-ден астам адам келген. Бұл көрсеткіш күн сайын артып келеді.
Авторы: Динара Орынтай