БҰҰ: Газа секторына көмек дұрыс жеткізіліп жатқан жоқ
Газа секторында азық-түлік жетпей жатыр. Аштықтан зардап шеккен жандар көбейді. БҰҰ өкілдері осылай деп дабыл қақты, деп хабарлайды 24kz.
Ұйым аймаққа жәрдемдесуге дайын. «Бірақ сол көмекті жеткізу Израиль әскерінің әрекетінен қиынға соғып тұр», - дейді мамандар. Өткен айда Газа секторының 1,5 млн-нан аса тұрғынына азық-түлік уақытында жеткізілмеген. Оған не себеп?
Жұлдыз Атагельдиева, тілші:
- Газа секторындағы бейбіт тұрғындар арасында аштық ұйымдастыруды соғыс жүргізу құралы ретінде қолдану халықаралық гуманитарлық құқық талаптарына қайшы келеді.
Бұл туралы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Бас хатшының адам құқықтары жөніндегі орынбасары жария етті. Илзе Брандс Керистің айтуынша, Израиль тарабы өңірге қажетті көмектің жеткізілуіне кедергі келтіруде. Мысалы, қазан айында мұнда күніне орта есеппен 37 жүк көлігі өткен. Бірақ бұл атыс-шабысқа дейін жеткізілетін гуманитарлық көмектің 6%-іне де жетпейді.
Илзе Брандс Керис, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі орынбасары:
- Израиль тарабы халықаралық құқыққа сәйкес әрекет ету керек. Демек, Газа секторының бейбіт тұрғындарын қорғап, оларды азық-түлік және ең қажетті тауарлармен қамтамасыз етуі тиіс. Қарулы қақтығыс жүріп жатқан бір жыл ішінде денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымы толықтай қирап қалды. Газа секторының солтүстігі тас талқан етілген.
Мұның бәрі аймақта аштықтың таралуына әкеп соқтыруда. Өйткені Газа секторы сырттан келетін көмекке тәуелді. Оның үстіне Израиль әскерінің шабуылдарынан өңірдегі ауыл шаруашылығы алқаптарының 70%-і жарамсыз боп қалған. Ал олар күнде тұтынатын азық-түліктің үштен бірін қамтамасыз етіп отырған. Ірі қара малдың 95%-і, сондай-ақ қой-ешкінің жартысынан астамы қырылған.
Хассан Захар, босқын:
- Бақылау-өткізу бекеттерінің жабылуына байланысты бізде тіпті ұн да жоқ. Ол ең қажетті дүние ғой. Балаларымыз аш қалмау үшін ұннан нан пісіруіміз керек. Шай, қант, май дегенді айтпай-ақ қояйын. Оларды қазір таба алмайсыз.
Бірақ Израиль тарабы гуманитарлық көмектің шектелуіне қатысты тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр. Бұған дейін Газа секторында екі бақылау-өткізу бекеті жұмыс істеп тұрған. Енді тағы біреу ашылды. Еврей елінің әскерилері ол арқылы азық-түлік пен дәрі-дәрмек тиелген 133 жүк көлігінің өтуіне рұқсат етті. Ал БҰҰ өкілдері: «Жергілікті халықтың аш қалмауы үшін аймаққа күніне 600 жүк көлігімен көмек жеткізілуі керек», - дейді.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Асель Абдыхалыкова