АҚШ-та баспанаға қол жеткізу қиындап барады

Әлемде 1,6 млрд адам үй-күйсіз жүр.

150 миллионға жуығында әу бастан тұрақты баспана жоқ. Бұл – жер шары халқының шамамен 2 пайызы. Жыл сайын тағы 15 млн адам амалсыз ата-қонысын тастап кетуге мәжбүр.

Ал 2030 жылға қарай баспанасыздар қатары 3 млрд адамға көбеюі ықтимал. UN-Habitat халықаралық ұйымы осындай дерек келтірді. Олардың мәліметі бойынша, тұрғын үй тапшылығына әлеуметтік және экономикалық дағдарыстар, климат өзгерісі мен табиғат апаттары себеп.

Қақтығыстан миллиондаған адам қонысынан айырылды

Газа секторы

Баспана мәселесі, дамушы елдер үшін басты мәселе. Әсіресе қақтығыстан зиян шеккен Газа секторы, Сирия, Ливан, Иран сияқты Таяу Шығыс аймағының тұрғындары үшін үй тек арман. Халықтың дені уақытша орындар мен лашықта күнелтіп жүр. Былтыр қазан айынан бері анклавтан 2,3 млн палестиналық бас амандығын ойлап, баспанасын тастап кеткен. Ол аздай, күннің лезде суып, қыстың қаһарына мінуі мәселені одан сайын ушықтыра түсті.

Сами Осейлех, жергілікті тұрғын:

"Біз жанымызды шүберекке түйіп, қақтығыстан қашып тұрғылықты үйімізден айырылдық. Атыс-шабыстан баспанамыздың түгі қалмады. Қазір қолда бардан шатыр тігіп, амалдап жүрміз. Бірақ жауын жауса, лашығымыз төңкеріліп, өзімізді басып қалады. Баспанаң болғаны қандай бақыт!"

Дамушы елдерде ахуал осылай. Дамыған елдер де жетісіп отырған жоқ. Испанияда кейінгі 12 жылда үйсіздер қатары 24 пайыз өсті. Халықтың шамамен жартысы, пәтер жалдап, күнін көреді. Испания банкінің ресми статистикасына сәйкес, жалдамалы үйде тұратындардың шамамен 45%-ы кедей-кепшік. Бұл Еуропадағы ең жоғары көрсеткіш.

Испания тұрғындары баспана бағасының қолжетімсіздігіне күйініп, шеруге шықты. Наразы жұрттың айтуынша, жалақының жартысынан көбі пәтер жалдауға кетеді. Оның құны, әсіресе Барселонада қатты шарықтап тұр. Каталондық тұрғын үй агенттігінің мәліметіне сәйкес, 2014 жылы орташа жалға алу ақысы айына 668 еуро болса, биыл ол 1132 еуроға дейін өскен.

Карме, жергілікті жалға алушылар одағының өкілі:

"Біз жалақымыздың жартысын пәтер жалдауға жұмсаймыз. Соңғы он жылда қызмет ақысы екі есе өсті. Тәулігіне 8 сағат қызмет етсек, 4 сағат үй иесі үшін жұмыс істейміз. Бұл қашанғы жалғаса береді? Біз билік өкілдерін бір амалын табуға шақырдық. Бірақ құлақ асқан ешкім жоқ! Егер олар жалдау ақысын төмендетпесе, біз не істеу керегін жақсы білеміз.

Ұлыбританияда 8,5 млн адам үйсіз жүр

Ұлыбританияда жылжымайтын мүлік мәселесі жылдар бойы шешімін таппай тұр. Resolution Foundation ұйымының мәліметі бойынша, британдық тұрғын үйлер басқа елдермен салыстырғанда әлдеқайда қымбат, тар әрі ескі. Олай деуге негіз бар. Жергілікті тұрғын үй қоры Англияда пәтердің орташа ауданы бір адам үшін 38 шаршы метр деген дерек келтірді. АҚШ ((66 шаршы метр)), Германия ((46 шаршы метр)), Франция ((43 шаршы метр)), тіпті Жапония ((40 шаршы метр)) сияқты дамыған елдермен салыстырғанда бұл көрсеткіш тым төмен.

Соған қарамастан пәтер жалдау құны өте қымбат. Оған қоса мұндағы тұрғын үйлердің әбден тозығы жеткен. Үй ескірген сайын коммуналдық шығын да арта береді. Корольдікте қазір шамамен 8,5 млн адам үйсіз жүр.

Пәтердің орташа ауданы 1 адам үшін:

Англия      38м2

АҚШ         66 м2

Германия  46 м2

Франция   43 м2

Жапония   40 м2

Ұлыбританияда 8,5 млн адамның үйі жоқ

дереккөз: theguardian.com

АҚШ-та да жағдай мәз емес. АҚШ-тың Есеп Бюросына сүйенсек, американдықтардың 110 миллионы үй жалдап тұрады. Бұл елдегі үйлердің 36 проценті. Ал олардың 64 пайызы сатып алынған үйлер. Үйі барлардың дені 65 жастан асқандар және ақ нәсілді америкалықтар. Cебебі үйдің бағасы мен табыстың арасындағы алшақтық жыл өткен сайын ҰЛҒАЙЫП барады. Мәселен, осыдан 50 жыл бұрын америкалық отбасының орташа табысы 10 мың доллар болсы, сол кездегі үйдің бағасы 30 мың доллардан аспаған. Ал қазіргі америкалық отбасының орташа табысы 74 мың доллардың төңірегінде, ал үйдің бағасы орташа есеппен 479 мың долларға дейін шарықтап кеткен. Халықты баспанамен қамтамасыз ету үшін үкімет бірнеше көмек түрін ұсынады. Мысалы, табысы төмен, ардагерлер немесе көмекке мұқтаж жандар кезекке тұру арқылы федералды көмекке қол жеткізе алады. Бірақ олардың шектеулі болуы мәселені толықтай шеше алмайды.

Дамыған елдің бірі Германияда керісінше жылжымайтын мүлік бағасы күрт төмендеген. Бұл кейінгі 60 жылда болмаған жағдай. Тақауда неміс үкіметі жаңа жоспарын жария етті. Ол бойынша 2030 жылға таман елде баспанасыз бірде-бір адам қалмайды. Билік құрылыс көлемін арттырып, үй-күйі жоқтардың барлығын тұрғын үймен қамтымақ. Сондай-ақ оларға медициналық көмектен бастап, цифрлық технологияларды меңгеруіне жағдай жасауды көздеп отыр. Бірақ бұл жоспардың жүзеге асып-аспауы алдағы уақыттың еншісінде. Бастысы, жылжымайтын мүлік бағасы жұртты жарға жығып, алаңдатпаса игі.