Лондонда өкпе обырына қарсы вакцинаға сынақ жүргізілді
Әлемде әр бес адамның біреуінде қатерлі ісік пайда болады. Өкінішке қарай, өлім-жітім көрсеткіші жыл сайын ұлғайып келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осылай дейді.
Бұл дертпен күресу үшін біраз ел миллиардтаған қаржы бөліп, оны емдеу үшін жаңа технологиялар мен заманауи әдістер енгізіп жатыр. Таяуда Ұлыбритания билігі алғашқылардың бірі болып обырға қарсы вакцина ойлап тапты. Қазір британдықтар оны сынақтан өткізіп жатыр. Біраз ел бұл бастаманы құптап, біртіндеп денсаулық сақтау жүйесіне енгізіп жатыр.
Лондонда өкпе обырына қарсы вакцинаға сынақ жүргізілді
Таяуда Лондон университетінің ғалымдары әлемде алғаш болып өкпе обырына қарсы вакцина ойлап тапты. Сынау мақсатында екпені бірінші болып мамандар 67 жастағы Януш Рац есімді британдық тұрғынға салды. Оның айтуынша, дәрігерлер оған емделмесе, бар-жоғы 4-5 ай ғана өмір сүретінін ескерткен. Сол себепті науқас өзі ғалым болған соң келешекте осы инновациялық терапияны қолжетімді ету мақсатында қабылдауға келісім берген. Алдымен оған жарты сағат ішінде 5 түрлі екпе салған. Кейін әр апта сайын 1,5 ай қабылдайды. Сосын әр үш аптада бір жылдан астам уақыт салғызып тұрады. Мамандардың айтуынша, вакцина науқастың иммундық жүйесі арқылы ісікке арнайы маркер енгізеді. Бұл обыр жасушасын жоюға мүмкіндік береді. Аталған әдіс – химиотерапиядан әлдеқайда тиімді дәстүрлі емдеудің бір түрі.
Сиоу Мин Ли, Лондон университеті ауруханасының онколог-дәрігері, профессор:
- Зерттеуге АҚШ, Түркия, Германия, Испания, Польша, Венгрия елдерінен 130-ға жуық адам, қатерлі ісіктің әртүрлі кезеңіндегі науқастар қатысады. Сынақ барысында бұл әдісті жалғыз немесе қолданыстағы емдеу жүйесімен бірге пайдалануға болатынын анықтауға үміттіміз.
Януш Рач, сынаққа қатысушы:
- Ғалым ретінде мен адамдардың осы секілді тәжірибеге қатысуға келіскен жағдайда ғана ғылым дамитынын жақсы білемін. Мен жасанды интеллект саласында жұмыс істеймін. Сол себепті жаңа дүниелерді көріп-білуге әркез дайынмын. Менің отбасым да осы сынақ туралы ақпаратты зерттеп, қатысуыма қолдау білдірді.
Халықаралық обырды зерттеу ұйымының мәліметіне сәйкес 2021 жылы Ұлыбританияда 393 мың адам онкологиялық ауруға шалдыққан. Бұл дегеніңіз, күніне шамамен мың кісіде қатерлі ісік анықталғанын айғақтайды. Корольдік тұрғындары арасында әсіресе сүт безі және қуық асты безі обыры кең тараған.
Оксфорд ғалымдары аналық без обырына қарсы вакцина әзірлеп жатыр
Ал Оксфорд университетінің ғалымдары аналық без қатерлі ісігіне қарсы вакцина әзірлеп жатыр. OvarianVax деп аталатын препарат обырдың алғашқы белгілерін бірден анықтап, оған қарсы әрекет етеді. Зерттеушілердің айтуынша, дайын өнім әйелдер арасында профилактикалық екпе салдыру арқылы жаман аурудың алдын алуға мүмкіндік береді.
Ахмед Ашур, Оксфорд университетінің зертхана директоры:
- Үш жылдан соң біз науқастарды вакцинаны сынақтан өткізуге үйрете бастаймыз. Препарат құрамына ең маңызды қоспа ретінде антибиотик енгіздік. Сондай-ақ науқастрдың иммундық жүйесінен қатерлі ісік туғызатын канцерогендерді қолданамыз. Сүйтіп иммундық канцерогенге қарсы вакцина әзірлейміз. Біле білсеңіз, танымал COVID-19 вакцинасын дәл осы біздің Оксфорд университетінің ғалымдары жасап шығарды. Бұл жолы да тиімді әдісін ойлап табамыз деген үміттемін.
Ресейде келер жылы онковакцина қолданысқа енеді
Ресейде келер жылы қатерлі ісікке қарсы вакцина қолданысқа енеді. Бұл әсіресе тоқ ішек, тік ішек, ми және тері обырына қатысты. Екпені жергілікті федералды медициналық-биологиялық агенттік мамандары әзірлеп жатыр. Олар алдымен жануарға тәжірибе жасап көрген. Нәтижесінде препаратты енгізу кезінде ісіктің дамуы күрт баяулап, көлемі 75-80% төмендеген. Жауапты мамандардың сөзіне қарағанда, вакцинаны енгізген кезде жануардың өмір сүру ұзақтығы артып, ауруды бақылауға мүмкіндік алған.
Вероника Скворцова, Ресей федералдық медициналық-биологиялық агенттігінің басшысы:
- Біз бұл вакцина бойынша үш жылдық зерттеу жұмысымызды аяқтадық. Биыл елімізде дербестендірілген препаратты қолдану туралы заң қабылданды. Біз оны келесі жылдан бастап науқастарға қолдануды бастаймыз.
ДДСҰ: Қатерлі ісікке шалдығушылық күрт өсті
ДДСҰ мәліметі бойынша қатерлі ісік – тұтас жер жүзінде өлім-жітімнің негізгі себебі. 4 жыл бұрын 10 миллионнан астам адам онкологиядан көз жұмса, оның 1,8 млн-ы – өкпе обырына шалдыққандар. Ал 2022 жылы жаман аурудың барлық түрі бойынша тағы 20 млн жағдай тіркелді. Әсіресе әлем бойынша сүт безі, өкпе, тоқ ішек және тік ішек, сондай-ақ қуық асты безі қатерлі ісігі ушығып тұр. «Мұның жалғыз ғана емі бар. Ол – вакцина», – дейді мамандар. Егу жүйесі әлем бойынша кейінгі 2 ғасырдан бері қолданыста. Содан бері біраз ауруға қарсы вакцина қолданысқа енгізіліп, оны зерттеу қарқыны күрт өсті.
Кейінгі 50 жылда екпе әлем бойынша 154 млн адамның өмірін сақтап қалды. Оның шамамен 65%-і – сәбилер мен балалар. Егер ғалымдардың қатерлі ісікке қарсы вакцина сынақтары сәтті жүзеге асса, бұл сан айтарлықтай өсуі мүмкін.