Президенттің «Әке туралы ой-толғау» кітабы Моңғолияда жарық көрді
Ұлан-Батырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың моңғол тіліне аударылған «Әке туралы ой-толғау» кітабы таныстырылып, тұсауы кесілді, деп хабарлайды 24kz.
Кітап профессор, шығыстанушы Юрий Кручкиннің бастамасымен моңғол тіліне аударылып, Моңғолияның халық жазушысы Сұлтан Тәукейұлының редакциялауымен жарыққа шықты. Алқалы басқосудың мақсаты – Кемел Тоқаевтың шығармашылық мұрасын бауырлас елге танытып, насихаттау әрі қос халықтың рухани-мәдени байланыстарын тереңдете түсу. Кітапта жазушының өнегелі өмір жолы, еңбекқорлығы мен адами қасиеттері, сондай-ақ, өз заманында мән бермеген қырлары ашылып, баян етіледі.
Қуандық Танабас, тілші:
- «Әке туралы ой-толғау» кітабы – белгілі жазушы Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған естелік. Шығармада сонау жиырмасыншы ғасырдың басындағы бір әулеттің басына түскен қайғы-қасірет арқылы тұтас ұлтқа төнген нәубет суреттеледі. Бұл – ашаршылық жылдары әр қазақ отбасының басынан өткен қасірет.
Көсемәлі Сәттібайұлы, жазушы:
- Бұл кіcілердің ата-бабалары, мысалы үшін Тоқа деген аталары осы Талдықорған елінен Қырғыз еліне қарай 1932 жылы кәмпеске кезінде ауа көшкен ғой. Міне, сол кездегі қиындықтары. Адам жаны түршігеді. Ашаршылықты жеңген бұл кісі. Ағасы екеуін, Қасым екеуін балалар үйіне зорлықпен өткізіп жібереді, әке-шешіміз тірі десе де, зорлықпен өткізіп жібереді. Мұның өзі үлкен бір хикая.
Алапат аштықтан енді ғана ес жиғанда, сұрапыл соғыстың ызғары келіп жетеді. Ағалы-інілі Қасым мен Кемел майдан даласына аттанады. Қасым ұрыс даласында көз жұмады. Ажал аузынан аман қалып, елге оралған Кемел аға ұлағатын мәңгі жүрегінде сақтайды. Тұңғыш ұлының Жомарт деген атына Қасым ағасының есімін қосып атайды.
Бақыт Жағыпарұлы, журналист:
- Анасы марқұм жомарт, мейірбан, кеңпейіл, парасатты адам болсын деген ниетпен сәбиге Жомарт дейтін есімді берейік дейді, әкесі мен анасынан айырылғаннан кейін бүкіл міндет ағама жүтелді және майдан даласында опат боп кеткен Қасым ағасының есімі аталсын деп Қасым-Жомарт аталған себебі сол деген дүниені осы әке туралы ой толғау кітабында айтады.
Әке мен бала арасындағы рухани байланыс, биік адами қасиет туралы әсерлі естеліктермен өрнектелген туынды енді моңғол халқы үшін де елеулі еңбектің бірі болмақ. «Бұл бастама арқылы моңғол оқырмандары қазақ халқының қилы тағдарын, болмыс-бітімін тани алады», - дейді кітап аудармасын редакциялаған Моңғолияның халық жазушысы Сұлтан Тәукейұлы.
Сұлтан Тәукейұлы, Моңғолияның халық жазушысы:
- Бұл оқиға моңғолдың өмірімен де ұқсас. Нәубат, Екінші жүниежүзілік соғыс, соғыстан кейінгі қиын жылдар, жаңа заман оқиғалары, моңғол халқы мен Қазақстан халқы тағдырлас қой. Сондықтан бұл сөзсіз оқырман назарын аударады деп отырмын.
Кітапты моңғол тіліне жазушы Юрий Кручкин аударған. Қазақ Президентінің әке туралы толғауын моңғол оқырманына жеткізу міндеті үлкен жауапкершілік жүктеді дейді.
Юрий Кручкин, моңғолтанушы, аудармашы:
- Қасым-Жомарт Тоқаевты 1975 жылдан бері білемін. Өзім де көп жылдар бойы дипломатия саласында жұмыс істедім. Сондықтан бұл кітапты моңғол тіліне аударуға бел будым. Қазақ халқының күрделі кезеңдерді бастан өткеріп, егемен ел болуға деген ұмтылысын оқырманға барынша шынайы әрі анық жеткізуге тырыстым
Іс-шараға Моңғолияның бірінші Президенті Пунсалмаагийн Очирбат, үшінші Президенті Намбарын Энхбаяр, Монғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының мүшесi Зулфыхар Сарқытұлы, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы елшісі Ғабит Қойшыбаев, сондай-ақ, Мемлекет басшысымен бірге оқыған курстасы Пурэвжаргын және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиында қазақ Президентінің Моңғолияға жуырда жасаған сапарының мән-маңызы жоғары болғандығы, қос елдің қарым-қатынасы стратегиялық деңгейге шыққандығы айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғалымдарымыз бен зиялы қауым өкілдерін ортақ тарихымызды бірлесе зерттеуге шақыруы, бауырластық байланысымызды бекемдей түспек.
Намбарын Энхбаяр, Моңғолияның үшінші президенті:
- Қазақстан Моңғолиямен қарым-қатынасын стратегиялық серіктестік деңгейіне дейін көтерді. Бұған Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда біздің елімізге жасаған сапары дәлел. Моңғолия – Қазақстанды өңірдегі басты серіктесі ретінде көреді. Ынтымақтастық аясының мәдени-рухани салада тереңдеп жатқанына қуаныштымыз.
Моңғол тіліне аударылған «Әке туралы ой-толғау» кітабының тұсаукесері екі ел арасындағы мәдениет саласындағы серіктестікке негіз болары сөзсіз. Қазақ әдебиетінің айшықты туындыларының басқа елдерде насихатталуы еліміздің рухани байлығын жаһанға таныту жолындағы маңызды бастама.
Дәулеткерей Кәпұлы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы:
- Шыңғыс хан заманының айналасында бір-біріміздің тарихымызға, әдебиетімізге деген қызығушылық о бастан бар. Бүгінгі аударылып жатқан кітаптың, соның ішінде бүгінгі геосаяси жағдайда біздің қазақ елі мен Моңғолиямен туыстық, бауырмалдық дүниесін сезінген жағдайда моңғол оқырманына қызығушылығы жоғары деп ойлаймын.
Қуандық Танабас, тілші:
- Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» кітабының моңғол тіліне аударылуы – екі халық арасындағы мәдени және рухани байланыстың ерекше көрінісі. Ұлан-Батырда өткен тұсаукесер шарасы қос елдің достық байланыстарын тереңдете түсуге арналған маңызды қадам болды.
Авторлары: Қуандық Танабас, Руслан Алиев