Қытайда қарттар ерекше қамқорға алынған
Қытай халқы қартайып барады.
Алпысты алқымдағандар мен жетпісті еңсерген егде жастағылар саны 2035 жылға қарай 400 млн-ға жетеді деген болжам бар. Олардың қатары артқан сайын қызметке сұраныс ұлғаяды. Сол себепті ел үкіметі қарт кісілерге көмекті қолжетімді ету үшін “күміс экономика” бағдарламасын жүзеге асырды. Оның мүмкіндіктері қандай?
Бұл бірнеше ай бұрын негізі қаланған Бейжіңдегі қарттар университеті. Онда 150 егде кісі уақытын тиімді өткізіп, білімін шыңдайды. Би, йога, вокал, модельдік бизнес сияқты үйірмелерге қатысып, қарым-қабілетін арттырады. Бұл қарияларды алжасудан сақтап, қатарластарымен сейіл құруға мүмкіндік береді. Ал қызмет көрсету – ақылы. Бір семестр үшін әр курс құны 140 доллар.
Цай Гуйся, Қарттар университетінің студенті, зейнеткер:
"Қартайғанда бәрі құлдырап бара жатқан сияқты көрінеді. Серуендеудің өзі мұң. Әлем қызықсыз бола бастайды. Бірақ мұндағы дәрістерден кейін өзімді жайлы сезіне бастадым. Денемді тік ұстап, түзу жүруді үйрендім. Маған ұнап жатыр, барлығы керемет".
Жетпіс бір жастағы Чжан Чжили де әр сәрсенбі оқу орнында уақыт өткізуді әдетіне айналдырған. Мұндағы ермегі барабанда ойнау.
Аспаптың дыңғырлаған дыбысынан ерекше қуат аламын, дейді ол.
Чжан Чжили, Қарттар университетінің студенті, зейнеткер:
- Мен қазір өзіме сондай сенімдімін. Қарттықты қызықты өткізу деген осы емес пе? Бұл жаста өзіңді қорғап, қолдап, жақсы көру маңызды.
Бейжіңнің "күміс экономикасы" бағдарламасы қарттарға көрсетілетін қызмет түрін ынталандырып, сұранысты арттырды. Қазір бұл бастамаға 982 миллиард АҚШ доллары жұмсалса, 2035 жылға қарай шамамен 4,2 триллион доллар қаражат құйылады, - дейді билік өкілдері. Жоба, сондай-ақ, қараусыз қалудан қорқатын қариялардың кәдімгі қарттар үйінен гөрі кейінгі өмірін осындай ұйымдарға келіп тиімді өткізуіне жағдай жасайды.
Гэ Мин, Yan Garden бас директоры:
"Бұл Yan Garden деп аталатын қарттарға арналған тұрғын үй кешені. Мұндағы үлкендеріміздің көбі өзінің жиған-тергенін осында құйып, ұйымның дамуына үлкен үлес қосқандар. Тіпті кейбірі тұрғылықты пәтерін сатып, біржолата осында көшіп келген. Оларға біздің қауымдастықта көрсетілетін қызметтер ұнайды.
Бұл тұрғын үйді елуді еңсеріп, жүзге жеткен қарияларға дейін паналайды. Ал пәтерақы құны айына 1520 АҚШ долларына тең. Қазір Қытайда алпыстан асқан 297 млн қарт бар. Олардың көбі қалған ғұмырын дәл осындай қауымдастықтарда өткізуді жөн санайды.
Әсия Нұрлыбаева