Үндістан жасыл экономикаға көшуді көздейді

Адамзат тіршілігі мұнай мен газға емес, біртіндеп баламалы қуат көздеріне негізделетін заман келе жатыр.

Табиғи ресурстардың сарқылуы былай тұрсын, әлемдегі экологиялық ахуал нашарлап барады. Қоршаған ортаның ластануы, адам денсаулығының нашарлауы соның салдары. Бұл әсіресе үнді елінде қатты байқалады. Осыған байланысты жергілікті билік жасыл экономикаға көшуді жоспарлап отыр.

Бұл күн сәулесіне шағылысып, жалт-жұлт еткен күн панельдері. Үндістанның Раджастхан штатында орналасқан. Ондаған гектар жерді алып жатқан бұл панельдер бүгінде үнді елі үшін көп мүмкіндіктің көзі саналады. 

Рудра Пратап Ратхор, Kei Industries жобасының менеджері:

- Қазіргі таңда күн энергетикасы баламалы қуат көздері секторында жетекші рөлге ие. Ел бойынша бірнеше ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен, жоғары жетістікке жету үшін салаға жастарды көптеп тарту қажет.

Саид Уддин, профессор:

- Біз қазба отындарынан бас тартып, жасыл энергия көздеріне бет құруымыз қажет. Жаңартылмалы энергия министрлігінің болжамы бойынша алдағы онжылдықта бұл салаға миллиондаған маман керек болады. Сондықтан университеттер тиісті курстар ашып, оны оқу бағдарламасына енгізулері тиіс.

Көмірсутектік экономиканың дәуірі ақырын-ақырын аяқталатыны айқын. Осы ретте ел үкіметі күн көзімен күнкөруге бетбұрыс жасап жатыр. Жергілікті кәсіпорындарға барынша қаржы құйылуда. Жуырда Модидің министрлер кабинеті 3 миллиард доллар бөлді. Түпкі мақсат - 2070 жылға қарай ауаға тарайтын зиянды заттар көлемін нольге жеткізу. Әрі жұртты электр қуатымен қамтамасыз етіп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру міндеті тұр. Себебі елдегі ауа сапасы жылдан жылға нашарлап барады. Улы түтін торлаған қала тұрғындары түрлі дертке шалдыға бастаған.

Хема, Нью-Дели тұрғыны:

- Өз ауылымда өмір сүре бергенім жақсы еді. Ауасы таза. Қатты ластанбаған. Ауырып қаламын деп қорықпайсың. Ал Нью-Делидегі мүлдем басқа. Ауада у бардай сезіледі.

Приянка, Нью-Дели тұрғыны:

- Биыл көп адам астмаға шалдығып жатыр. Туберкулезге тап болғандар да жетерлік. Мәселен, менің көршім демікпе дертінің кесірінен үйден шықпайды. Сыртта жүрсе, бірден беті қызарып, жағдайы нашарлап кетеді. Сондықтан оған үнемі бетперде тағып жүр деп айтамын.

Жалпы адам қолымен жасалған жаһандық жылынудың салдары мен зардабын жою үшін қыруар қаржы қажет. Сондықтан әлеуеті төмен елдерге қаржылай қолдау көрсету керек, дейді сарапшылар. Экобелсенділердің есебінше, жыл сайын мұндай мемлекеттерге 5 триллион доллар бөлінуі тиіс.