Қытайда қыста жылы аймаққа кететін қариялар бар
Жыл мезгілі ауысқанда тұрғылықты жерін ауыстыратын құстар ғана емес. Қытайда қыста жылы, ал жазда салқындау жаққа қоныс аударатын қариялар бар. Мұның сыры неде? Қариялар уақытша қоныс аударған жерлерінде қайда тұрақтайды?
Қытайдың солтүстік-шығысындағы Джилин провинциясында тұратын Ли әжей күнгейдегі Сишуанбаньна аймағына көшті. Өйткені бұл жақта қыс атымен жоқ. Ол туған жеріне сәуірде оралады. Кейінгі 3 жылдағы әдеті осы.
Ли, Джилин провинциясының тумасы:
- Сишуанбаньнада қыс болмайды. Ауасы керемет. Мен сияқты қарттар үшін өте жайлы. Өсімдікке толы. Азық-түлігі де арзандау.
Ресми дерекке сәйкес Қытайда қазір жасы 60-тан асқан 297 миллион қария бар. Бұл ел халқының 21%-і.
Йаң Хоңуей, қонақүй иесі:
- Біз қарттар үшін арнаулы тағам түрлерін әзірлейміз. Олардың жасын ескереміз. Солтүстіктен келгендерге көбіне бидайдан ас дайындаймыз. Үстел теннисі сияқты іс-шараларға да назар аударамыз.
Ся Цюань, қоныс аударушы:
- Оңтүстік-батыс аймақта судың сапасы да жақсы. Қыста осында, жазда солтүстікте боламын.
Жалпы Қытайда сыртқы және ішкі туризм қатар қарқынды дамып жатыр. Оңтүстік-шығыстағы Юнань провинциясында қаңтардан қазанға дейінгі аралықтар саяхатшылар саны 1 миллиардтан асып түскен. Мамандар алдағы уақытта қыста жылы, жазда салқындау жақты мекендейтін қариялар саны арта береді деп болжайды.
Авторы: Ернат Рахметолла.