Өзбекстанда атом энергетикасының келешегі талқыланды
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты ілгерілетуге ниетті. Бұл ұйым Қазақстан мен Өзбекстанның АЭС салу жобасын қолдайды әрі оны іске асыру үшін көмек көрсетуге дайын. Самарқандта өткен атом энергетикасының келешегі мен мүмкіндігі талқыланған халықаралық конференцияда МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси осылай деп мәлімдеді. Ауқымды іс-шараға атом энергетикасын дамытуға бет алған әлем елдері өкілдері, сарапшылар және халықаралық ұйым жетекшілері қатысты.
Қазақстан секілді Өзбекстан да – әлемдік уран өнеркәсібінде көшбасшы елдердің бірі. Көрші мемлекетте оның өндірісі өткен ғасырдың 50-ші жылдары қолға алынған. Кейін тіпті ғылыми зерттеу жұмыстарына арналған реактор іске қосылды. Ал қазір алғашқы атом электр стансысы салына бастады.
Нодира Зикриллаева, Өзбекстан Атом энергиясы агенттігінің басқарма басшысы:
- Аз қуатты атом стансысын салу біз үшін инновациялық технологиялар мен экономиканы дамытуға мүмкіндік береді. Келешекте осы істі жан-жақты игеріп алсақ, тәжірибемізбен жан-жақты бөлісеміз. Орталық Азияда жаңашыл қадам жасаған елдің бірі боламыз.
Осы күні атом қауіпсіз, тиімді әрі экологиялық таза энергия көзі саналады. Конференцияға қатысушылардың дені сол тұжырыммен келіседі. Басты мақсат, МАГАТЭ-ның уранды тек бейбіт мақсатта қолдану ережесін ескеріп, оны халық игілігіне тиімді жарату қажет.
Рафаэль Гросси, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры:
- Атом энергетикасын жаңартылған энергия көздерімен теңдестіре отырып дамыту қажет. Әлем елдері де осы ұстанымды алға оздырып келеді. Оның ішінде Парсы шығанағы мен Орталық Азия аймағында орналасқан мемлекеттер бар. Атомды бейбіт мақсатта қолдану басты мақсат болуға тиіс. Ол үшін агенттік бұл бағыттағы жобаларды Орталық Азиямен өзара ынтымақтастықта жүзеге асыруға ниетті. Біздің тарап сіздердің АЭС салу жобаларыңызды қолдайды әрі оны іске асыру үшін көмектесуге дайын.
Өзбекстандық мамандар бұл істе атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің көмегіне иек артып отыр. Көршіміз қолға алған аз қуатты АЭС салу жобасы әлемде сирек кездеседі. Оның баламасы Ресейде жүзеге асып жатыр. Негізгі ерекшелігі, қуаттылығы бар болғаны 330 мегаватқа тең. Жобаның сәтті іске асуы үшін бірнеше мемлекеттен озық технологиялар тартылуы мүмкін.
Азим Ахмедхаджаев, Өзбекстан Атом энергиясы агенттігінің төрағасы:
- Атом энергиясы жөніндегі агенттік Өзбекстанда бұл сала жұмысын дамытуға жәрдемдесетін болды. Атап айтқанда, агенттік халықаралық қауіпсіздік стандарттарының қатаң сақталуын қадағалап, жобаларды жүзеге асыруға көмектеседі. Тараптар арасындағы ынтымақтастық меморандумына қол қойдық.
Жалпы конференцияға 15 елден 500-ге жуық делегат қатысты. Соның ішінде қазақстандық сарапшылар да бар. Жиында атом энергетикасы саласындағы өзгерістер сараланып, өзара ынтымақтастықты ілгерілету жайы талқыланды. Кәсіби кадр даярлау тақырыбы да тереңінен қаузалды.
Авторы: Рауан Мыңбаев.